Еліміз басқа елдермен құқықтық көмек туралы 17 халықаралық шартты ратификациялаған

14 Наурыз 2024, 10:37
268
Бөлісу:
Еліміз басқа елдермен құқықтық көмек туралы 17 халықаралық шартты ратификациялаған
Фото: Скрин

Сенаттың жалпы отырысында "1994 жылғы 9 тамыздағы Қазақстан мен Литва арасындағы азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы шартқа өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Заңы мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Хаттамаға 2022 жылғы 31 тамызда Вильнюс қаласында қол қойылды. Шарт 1998 жылғы 9 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған. Аталмыш шарт азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетудің, құқықтық қарым-қатынас жасаудың тәртібін айқындап, екі елдің заңды және жеке тұлғаларының құқықтарын қорғауға бағытталған.

Қаралып отырған Хаттамамен Шарттың 4-бабын жаңа редакцияда жазу ұсынылады. Шарттың қолданыстағы 4-бабына сәйкес құқықтық көмек көрсету саласында Қазақстан Республикасы мен Литва Республикасы бір-бірімен екі елдің Әділет министрлігі және Бас прокуратурасы арқылы ынтымақтастықты жүзеге асырып келді. Алайда шарт тараптарының ұлттық заңнамасы, мемлекеттік органдардың құзыреті, олардың атаулары өзгеріп отырады. Атап айтқанда, Қазақстанның қылмыстық процестік және азаматтық процестік заңнамаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес, қазақстандық және шетел соттарының тапсырмаларын орындау, жеке және заңды тұлғалардың құқықтық көмек көрсету жөніндегі өтініштерін қарау функциясы Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына берілді. Тиісінше аталған функцияларды Жоғарғы Сот жүзеге асырады. 4-бапқа енгізіліп отырған өзгеріске сәйкес, Шарт аясында құқықтық көмек көрсету кезінде уағдаласушы тараптар тағайындалған орталық органдары, олардың функциялары мен байланыс деректері туралы бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етуге міндеттеледі,-деді сенатор Мұрат Қадырбек.

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы Шарттың 4-бабында қарастырылған өзгерістер пайда болған жағдайда, Литва Республикасын дереу хабардар етуге міндетті.

Хаттаманы ратификациялау құқықтық көмек көрсету саласында тағайындалған құзыретті орталық органдары туралы хабарлау процесін жетілдіру арқылы Қазақстан мен Литва азаматтары және заңды тұлғаларының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған азаматтық, отбасылық әрі қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал етеді, - деді сенатор.

Қазақстан алыс және жақын шетелмен азаматтық, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы 17 халықаралық шартты ратификациялаған, оның ішінде 15-і екіжақты, екеуі көпжақты шарт саналады. Ресми мәліметтерге сәйкес, 2020-2023 жылдары аралығында құқықтық көмек көрсету бойынша екі ел арасында 225 өтініш түсіп, сұрау жіберілді, соның ішінде Литва жағынан - 90, Қазақстаннан - 135. Екіжақты сұраныстардың барлығы орындалған.

Өзгелердің жаңалығы