Элиманов Президентке есеп берді

2 Қараша 2021, 16:22
899
Бөлісу:
Элиманов Президентке есеп берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Өзара бағалау көрсеткішінің екінші кезеңін ФАТФ халықаралық стандарттарына сәйкестендіруге қатысты Қазақстанның дайындығы жөнінде баяндалды. Агенттік төрағасы Президентке тәуекелдер бойынша жасалған Ұлттық бағалаудың қорытындылары және ФАТФ-тың бірқатар маңызды ұсынымын ұлттық заңнамаға енгізуге мүмкіндік беретін заң жобасы Парламенттің қарауында жатқаны туралы айтты.

Президент қылмыстық жолмен түскен табыстарды жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды оң бағалады. Атап айтқанда, қабылданған шаралар кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимылдардың Basel AML Index индексі бойынша әлемдік рейтингтегі Қазақстанның орнын жақсартты.

Мемлекет басшысына еліміздегі көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің қазіргі жағдайы туралы мәлімет берілді.  Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөнінде 490 іс қозғалды, оның 28-і жалған шот-фактура жазып берумен және қылмыстық жол арқылы қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан тұлғаларға қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру деректері бойынша жүргізілуде. 

Бұдан бөлек, Жанат Элиманов Қасым-Жомарт Тоқаевқа қаржы пирамидаларын жабу жөнінде жүктеген тапсырмасының іске асырылу барысы туралы баяндады. Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі 15 қаржы пирамидасының қызметін тоқтатып, зардап шеккендерге 2,3 миллиард теңге қайтарылды.

Президент Агенттік басшысына құқық қорғау және басқа да мүдделі органдармен бірлесе отырып, аталған бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Мемлекет басшысы азаматтарды қаржы пирамидаларына тартуға жол бермеу үшін шаралар кешенін қабылдау керек екенін айтты. 

Өзгелердің жаңалығы