"Еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған". Тоқаев қара киініп, тұмшаланып жүретіндер туралы айтты

15 Наурыз 2024, 15:47
5646
Бөлісу:
"Еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған". Тоқаев қара киініп, тұмшаланып жүретіндер туралы айтты
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмағанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ендігі мәселе – ұлттық бірегейлігімізді нығайту. Мен Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатымда Ұлыстың ұлы күнін бүкіл ел болып жаңаша атап өтетінімізді айттым. Жақында осыған байланысты арнайы тұжырымдама қабылданды. Әрине, бүкіл әлем жұртшылығымен бірге қарсы алатын Жаңа жыл мерекесінен бас тартпаймыз. Бірақ Әз-Наурыздың мәртебесін көтеріп, мазмұнын байыта түсеміз, - деді Президент.

Тоқаев Көрісу күнінен басталатын мейрам кезінде әр күннің өз атауы болатынын мысалға келтірді. Соның бірі Ұлттық киім күні деп аталады.

Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Мен былтыр ауызашар берген кезде осы мәселеге арнайы тоқталдым. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе, қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіре-діншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев отырыста.

Өзгелердің жаңалығы