Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жамансор ауылында су жаңа мектеп салынатын болды. Білім ордасы талан-таражға салынып, шетелге заңсыз шығарылып, кейін қайтарылған активтер есебінен бой көтермек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Атырау облысының білім беру басқармасы хабарлады. Жауаптылардың сөзінше қазір Жамансор ауылында бастауыш мектеп ғана бар. Ал оны тәмамдаған оқушылар көрші ауылдар мен аудандарға сабылып, білім алуға мәжбүр.
Қазіргі уақытта мемлекеттің саясатына сәйкес ел бойынша талан-таражға салынған қаражаттарды қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Енді осы кері қайтарылған ақша есебінен әлеуметтік нысандар салу, соның ішінде мектептерді салу жұмыстары да ұйымдастырылуда. Сондай мектептің бірі Атырау облысындағы Жамансор ауылында салынады. Мектептің өзі 80 орындық болады. Және жанында 30 орындық жатақхана да бой көтереді. Жалпы Жамансор елдімекені бұл теміржолдың бойында орналасқан. Республикалық жол өтіп жақан жер. Мұнай өндіру басқармасы бар. Халқы жыл сайын өсіп келе жатыр. Қазіргі уақыттың өзінде 589 тұрғын бар. Елдімекен басында бастауыш мектебі бар. Алайда ол типтік үлгіде салынбағндықтан, ішінде асхана, кітапхана, спорт зал жоқ. Әр кабинеттің өзіне 10 баладан артық сыймайды. Сол себепті осы елдімекендегі балаларымыз жақын маңдағы Мұқыр ауылдық округіне барып, Мақат ауданына, Құлсары қаласындағы мектептерге барып оқуға мәжбүр болып отыр,-дейді Облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.
Алдын-ала болжам бойынша мектеп құрылысына 2 млрд теңгедей қаржы кетеді. Алайда нақты қай уақытта құрылысы басталып, қай кезде тапсырылатыны белгісіз. Тиісті министрлікке ұсыныс берілген.