Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тың Майами қаласында өтіп жатқан WTA 1000 турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төртінші айналымда қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 68-орында тұрған аустралиялық Талия Гибсонмен кездесті. Бұл олардың алғашқы ойыны болды.
Матч барысында Рыбакина айқын басымдық танытты. Бірінші сетте екі брейк жасап, 6:2 есебімен жеңсе, екінші партияда да қарсыласына мүмкіндік бермей, дәл сондай есеппен (6:2) жеңісті қорытындылады.
Бір сағаттан сәл асқан кездесуде Рыбакина 7 эйс жасап, брейк-пойнттардың жартысына жуығын тиімді пайдаланды.
Енді жартылай финалға шығу үшін қазақстандық теннисші әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен кездеседі.
Айта кетейік, Рыбакина бұған дейін Индиан-Уэллс турнирінде Пегуланы жеңген болатын.