9-14 қаңтарда өтетін Аделаида-2 (Аустралия) WTA 500 турнирінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Дүниежүзілік рейтингте 21-орында тұрған қазақстандық Елена Рыбакина алғашқы айналымда әлемнің 8-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткинамен шеберлік байқасады.
Өткен жылы Сан-Хосе (АҚШ) WTA 500 турнирінде Д.Касаткина Е.Рыбакинадан 1:6, 6:2, 6:0 есебімен басым түскен болатын.
Аделаидада өтетін екінші ірі жарыста франциялық Каролин Гарсия бірінші, тунистік Онс Жабер екінші ракетка болып тіркелген. Олардың екеуі де доданы екінші айналымнан бастайды. Әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Свентек турнирге қатысудан бас тартты.
Бірінші айналымда сондай-ақ Гарбинье Мугуруса (Испания) — Белинда Бенчич (Швейцария), Паула Бадоса (Испания) — Анетт Контавейт (Эстония), Людмила Самсонова (Ресей) – Петра Квитова (Чехия), Вероника Кудерметова (Ресей) – Виктория Азаренко (Беларусь) өзара сынға түседі.
Осы аптада Аделаидадағы дәл сондай жарыста Е.Рыбакина екінші айналымда рейтингте 69-сатыдағы украиналық Марта Костюкке жол берген еді.
Бұл додалар Аустралия ашық чемпионаты алдындағы дайындық есебінде болмақ.