Электрондық саудаға арналған жаңа тізбе жарияланды

Қазақстанда электрондық сауда алаңдарында сатуға тыйым салынған және шектеу қойылған тауарлардың тізбесі әзірленді.

 Сауда және интеграция министрлігі 10 Шілде 2026, 02:26
10 Шілде 2026, 02:26
134
Фото: Сауда және интеграция министрлігі
 
Бұл тізімді ҚР Сауда және интеграция министрлігі "Сауда қызметін реттеу туралы" заң талаптарына сәйкес, мүдделі мемлекеттік органдардың мәліметтері негізінде жасақтады.

Құжатта Қазақстан аумағында айналымына тыйым салынған немесе белгілі бір шектеулер қойылған, соның ішінде электрондық сауда арқылы сатылмайтын тауарлар туралы ақпарат қамтылған.

Министрліктің мәліметінше, жаңа тізбе электрондық сауда платформаларының иелеріне, интернет-дүкендерге, сатушыларға және нарықтың өзге қатысушыларына қолданыстағы талаптар туралы жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бұл тауарларды орналастыру және сату кезінде заң талаптарын сақтауға көмектеседі.

Сонымен қатар құжат маркетплейстерге тауар карточкаларын модерациялауда бірыңғай тәсілді қолдануға, ал сатушыларға өнімді сату мүмкіндігін алдын ала бағалауға жағдай жасайды.

Министрлік бұл тізбенің ақпараттық-анықтамалық сипатта екенін және оның негізгі мақсаты қолданыстағы заңнама талаптарын жүйелеу екенін атап өтті. Заң талаптары бұзылған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тарту Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыретіне жатады.

Сауда және интеграция министрлігі заңнамадағы өзгерістер мен мемлекеттік органдардан келіп түсетін мәліметтерге сәйкес тізбені тұрақты түрде жаңартып отыратынын хабарлады.

Еске салсақ, Қазақстанда жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бірыңғай цифрлық сауда экожүйесін құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Наверх