Электрондық еңбек биржасында 72 мың бос жұмыс орны бар

15 Сәуір 2022, 11:45
1734
Бөлісу:
Электрондық еңбек биржасында 72 мың бос жұмыс орны бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  2022 жылғы наурызда Электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі – ЭЕБ) 72,7 мың бос жұмыс орны және 48,8 мың түйіндеме орналастырылды. Өткен аймен салыстырғанда жарияланған бос орындар санының шамалы өсуі (+0,5%) және ізденушілер тарапынан белсенділіктің күрт төмендеуі (-11%) байқалады.

Бұл туралы Еңбек және ілеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осылайша, егер ағымдағы жылдың ақпан айында бос орындар саны түйіндеме санынан 32%-ға асып кетсе, наурыз айында бос орындар мен ізденушілер арасындағы алшақтық шамамен 50%-ды құрады.

Өңірлік бөліністе бос орындар саны Жамбыл (+28% немесе 3,4 мың бос орынға дейін), Павлодар (+22% – 5,9 мың бос орынға дейін), Солтүстік Қазақстан (+14% – 2,5 мың бос орынға дейін) және Батыс Қазақстан (+12% – 3 мың бос орынға дейін) облыстарында өсті. Бұл ретте өңірлерде жұмыс берушілердің қажеттіліктері әртүрлі. Мәселен, Жамбыл облысында орта мектеп мұғалімдеріне, Павлодар облысында күзетшілерге, жүргізушілер мен кондукторларға сұраныс жоғары. Солтүстік Қазақстан облысында медбикелер мен мейіргерлерге, санитарлар, тарату желілерін пайдалану жөніндегі электромонтерлар, сондай-ақ ауыл шаруашылығының инженер – механизаторлары қажет, – деп атап өтті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Басқарушы директоры Александра Молчановская.

Ізденушілер тарапынан белсенділіктің барынша өсуі Шымкент қаласында (+48,1%, 4,3 мың түйіндемені құрап), Павлодар облысында (+20,3% және 2,6 мың түйіндеме) және Қостанай облысында (+12,7% және 2,1 мың түйіндеме) байқалды. Бұл ретте түйіндеме санының күрт қысқаруы 5 өңірде байқалды: Маңғыстау (-62%), Алматы (-30%), Қызылорда (-24%), Атырау (-23%) және Ақтөбе (-22%) облыстары.

Наурызда ерлер мен әйелдер тең жұмыс іздеді. Бұл ретте, жас бөлінісінде, алдыңғы айдағыдай, ізденушілердің үштен бірі жастар арасынан, ал әрбір төртінші – неғұрлым жетілген жаста (46 жас және одан жоғары) болды.

Сонымен қатар ЭЕБ мәліметтері бойынша наурыз айында жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныстың теңгерімсіздігі байқалды. Мәселен, егер жалпы нарықта орта білікті мамандарға сұраныс басым болса (54%), онда осы санаттағы ұсыныс бар болғаны 38%-ды құрайды. Бұл ретте біліктілігі төмен мамандар үшін кері жағдай қалыптасып отыр-сұраныс 21% болған кезде ұсыныс шамамен 35%-ды құрайды. Жоғары білікті кадрлар үшін түйіндемелер мен бос жұмыс орындарының саны тең үлесті құрайды: тиісінше 26% және 25%, – деп атап өтті Александра Молчановская.

Жекелеген мамандықтарды қарастыра отырып, ағымдағы жылдың наурыз айының қорытындысы бойынша ЭЕБ-да өте тапшы медициналық медбикелер мен мейіргерлерге, санитарлар, тәрбиешілер мен олардың көмекшілері болды – бұл мамандар үшін қамтылмаған қажеттілік 4,6 мыңды құрады. Сондай-ақ, жүргізушілер (2 мың бос орын), күзетшілер (1,6 мың бос орын), консультант-сатушылар (618 бос орын) және электромонтерлар (674 бос орын) сұранысқа ие болды.  

Біліктілігі төмен қызметкерлермен қатар артық мамандықтардың қатарына заңгерлер, курьерлер, қаржыгерлер, дене шынықтыру және автомеханика мұғалімдері жатады. 

Еңбекақы төлеу бөлінісінде неғұрлым жоғары күтулер (орта есеппен 500 мың теңгеден астам) корпоративтік сектордағы басшылық позицияларға және біліктілігі жоғары мамандарға, атап айтқанда, бас және қаржы директорларына, аудиторларға, инженерлерге және т.б. ізденушілер арасында байқалды. Сонымен қатар, сұраныс тарапынан мұндай жалақы деңгейі басшылық лауазымдар үшін де, өндіріс саласындағы жоғары білікті инженерлер мен бас құрылысшылар үшін де ұсынылды.

Осылайша, ЭЕБ мәліметтері бойынша, елде жалдау процестерінің жандануы байқалады. Сонымен қатар, жұмысшылар, керісінше, жаңа жұмыс орнын іздегілері келмейді, бұл 2022 жылдың басынан бері жалғасып келе жатқан түйіндемелер санының азаюымен расталады.

Өзгелердің жаңалығы