Электрондық еңбек биржасы бос жұмыс орындар алаңына айналады - Дүйсенова

15 Шілде 2022, 17:25
1352
Бөлісу:
Электрондық еңбек биржасы бос жұмыс орындар алаңына айналады - Дүйсенова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Президенттің 14-ші шілдеде берген тапсырмаларын орындау жөнінде айтты.

Т. Дүйсенова министрлік Отбасының цифрлық картасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын айтты. Оған сай әлеуметтік кепілдік түрлерінің барлығы отбасының әл-ауқатына қарай дербестеледі.  

Министрдің айтуынша Цифрлық карта республика халқын түгел қамтиды: 19, 4 миллион адам немесе 6,5 миллион отбасы.  

15-ші тамызға дейін халықты әлеуметтік қолдау саласындағы отбасылардың ақпараты өзектендіріледі. 1-ші қыркүйектен бастап жыл соңына дейін берілетін әлеуметтік қызмет пен әлеуметтік көмектің түрлері пилотты түрде жүргізіледі, 2023 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап проактивті қызмет әлеуметтік қорғау саласы бойынаш іске асырылады, - деді министр.  

Бұдан бөлек Тамара Дүйсенова еңбек нарығын реттеу және дамыту 8 бағыт бойынша жүзеге асатынын атап өтті. 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз ету үшін барлық ұлттық жобалар мен бизнестің жеке бастамалары аясында жүргізілетін жобалар мен жұмыс орындары Электрондық еңбек биржасында орналастырылады. 

Электрондық еңбек биржасы баршаға қолжетімді бос жұмыс орындарының алаңына айналады. Жұмыс іздеу немесе жұмысшы іздеу осы Электрондық биржа арқылы жүзеге асады. 

Жұмыспен қамту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың тағы бір бағыты – әлеуметтік жұмыс орны. Бұл бағытта мақсатты топқа кіретін азаматтарды мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орнына тарту, әлеуметтік тапсырыспен жұмыс істейтін мемлекеттік емес және қоғамдық ұйымдардың аясын кеңейту арқылы әлеуметтік жұмыс орындарын ашу қарастырылады. 

Сондай-ақ әлеуметтік қамту жүйесімен интернет платформалар арқылы жұмыс істейтін фрилансерлер де қамтылатын болады.  
Министр алдағы уақытта еңбек ресурстарының ұтқырлығы мен өңірлердегі жұмыс күшінің үлесіне айрықша көңіл бөлінетінін атап өтті. Бұл ретте ішкі және сыртқы көші-қон мәселелерінде жаңа механизмдер ұсынылады.  

Сонымен қатар еңбек нарығындағы мамандардың бәсекеге қабілеттігін күшейту мақсатында оларды өмір бойы жаппай оқытуға және біліктілігін арттыруға жағдай жасалады.  

Сөзінің соңында Тамара Дүйсенова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон саясаты жөніндегі тұжырымдама жобасын әзірлегенін айтты. Жергілікті атқарушы органдармен келісілген соң, тұжырымдама жыл соңына дейін Үкіметке бекітілуге енгізіледі.  

Өзгелердің жаңалығы