Елдің ең өзекті мәселелеріне үн қосып отыратын. Қуандық Шамақайұлының жары естеліктерімен бөлісті

19 Мамыр 2023, 16:17
2800
Бөлісу:
Елдің ең өзекті мәселелеріне үн қосып отыратын. Қуандық Шамақайұлының жары естеліктерімен бөлісті
PHOTO
Фото: автордан

Белгілі журналист, қоғам белсендісі Қуандық Шамақайұлының өмірден өткеніне үш жылға жуықтады. Халыққа «Мен көрген Америка» жолжазба кітабымен, сонымен қатар, қоғамның кез-келген мәселесіне тартынбай үн қосатын қоғам белсендісі ретінде жақсы таныс Қуандық Шамақайұлының шығармашылығы мен ел білмейтін басқа да қырлары жайында жары Айша Құрманғали айтып берді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Айша Құрманғалқызы, Қуандық Шамақайұлының шығармашылығының өзегі, негізгі тақырыбы қандай еді?

Қуандықтың шығармашылық қызметі елге жақсы таныс. Ол өзіне ескерткіш орнатып кетті деп білемін. Өйткені оның шығармашылығы көп қырлы болды. Оның ғалымдығы бір төбе, жазушылығы бір төбе, қайраткерлері бір төбе. Ол қоғамнан жырақ өмір сүре алмайтын еді. Оның барлық өмірі мен қызметі елдің көз алдында болды. Қуан ұлттың тағдырын терең ойлаған, ұлтқа жанашыр адам еді. Елдің қандай да бір мәселесіне қатысты үн қоспай отыра алмайтын еді. Барлық шығармашылығының өзегі, негізгі тақырыбы - халықтың мұң-мұқтажы, мүддесі болатын. Прозасы болса да, мақалалары болса да, қай салада қызмет етпесін, ол елдің ең өзекті мәселелеріне үн қосып отырды. Кейінде әлеуметтік желі шыққаннан кейін оның белсенділігі арта түсті десек артық айтпағандығымыз болар. Қоғамда туындаған кез-келген мәселеге сол алаңда үн қатып, биліктің де, ықпалды тұлғалардың да назарын аударып отыруды өзінің миссиясы санайтын. Ол өз сөзінде «жалғанның балын жалап өмір сүргенше, шындықтың уын ішіп өлгенім артық» дейтін. Шындығында ол шын сөзді айтуға, шындықты ашып көрсетуге жақын болатын. «Президенттің Жоладауының аясында-ақ қоғамдағы көптеген күрделі мәселелерді ашып көрсете аламыз. Журналист ретінде шындық сөзді айтуға еш кедергі жоқ» дейтін. Шындықты заң аясында айта білгендігінің арқасы болар, қоғамдағы өзекті мәселелерді сынап жатса да, оған мемлекеттік телеарналардың мінбері ашық болатын. Тіпті, соңғы жылдары Қазақстан Ұлттық арнасы Қуандықты «Ашық алаң» хабарының тұрақты спикеріне айналдырды.

Елдің ең өзекті мәселелеріне үн қосып отыратын. Қуандық Шамақайұлының жары естеліктерімен бөлісті

Қуандық Шамақайұлының көптеген жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарғандығын білеміз, шәкірт тәрбиелеудегі ұстанымы қандай еді?

1994 жылы Қарағанды университетінде ұстаздық жолын бастады. Одан соң Л.Гумилев атындағы университтте, Шабыт өнер мен Қаржы академиясында ұстаздық етіп, БАҚ саласына көптеген шәкірт дайындау ісіне зор үлесін қосты. Осы жолда ол өзі үйретті, өзі де үйренді. Ол өзі шәкірттерімнен үйренем дейтін. Университте ұстаз болып жүрсе де, журналистің қандай болу керектігін шәкірттеріме үйретуім керек деп, мақала да жазатын, теория мен тәжірибені қатар алып жүретін. Ол өзінің азғантай ғұмырында елінің үлкен жанашыры болды, жастардың қамқоршысы болды. Жастарды қатты жақсы көрді. Қай кезде болса да шәкірттеріне уақыт арнаудаы өзіңнің міндеті санайтын. Кейде тамақтанып отырғанымызда шәкірттері қоңырау шалып, сұрақ қойып жатса, барлығын да ысырып қойып, шәкірттеріне бар уақытын арнайтын еді.

Ағайдың біз білмейтін ерекше қыры қандай? Жазушы, журналист, қоғам қайраткері Қуандық Шамақайұлы отбасында қандай жар, балаларына қандай әке болды?

Қуанның ерекше қыры – ол тамақты өте дәмді дайындайтын. Өзі айтатын, «ер жігіттің мырзасы, түзде мырза, үйде құл», дейтін. Кейде мен, үйдің шаруасына араластырғым келмегенде, менің де жұмыста екендігімді айтып, үй шаруасынан еш тартынбай істей беретін. Тамақты анау-мынау әйелден дәмді етіп жасап қоятын. Әлі есімде, маған қоңырау шалып, «қай жерде келе жатырсың, ұн қуырдақтың қамырын сала берейін, 15 минутта пісіп қалады» дейтін. Одан еш уақытта намыстанбайтын да, одан ерекше ләззат алатын. Ұн қуырдақтың қамырын қатты қылып илеп, өзі жайып, дайындайтын. Қуандық қайтқалы ұн қуырдақ біздің үйде дайындалмайтын болды. Балалар әкелерінің осы тағамын сағынады. Оның тағы бір ерекшелігі – түймесі үзілсе, киімінің сөгілген жері болса, мені күтіп отырмайтын, өзі тігіп алып, шығып кете беретін. Оның осы қасиетін білетін балалар, әкелеріне киімдерін тіктіріп, түймесін қадатып ала беретін.

Қуандық Шамақайұлы қысқа ғана ғұмырында 200-ге тарта ғылыми мақалалар, көптеген оқу құралдарын, монографиялар, бірнеше прозалық шығармалар, публицистикалық мақалалар жазды. Ұстаздық қызметпен қатар, көркем аударма саласында да жемісті еңбек етті. Ағай осының барлығына қалай үлгерді, уақытты қалай жеткізетін еді?

Қуандық темірдей тәртіптіп құлы болды. Өзінің ішкі діні өте мықты болды. Дисциплинаны қатты ұстанатын. Белгілі бір уақытта ұйықтайды, белгілі бір уақытта тамақтанады, кітап оқиды, жазады. Сондай бір өзін-өзіне бағындырған адам болды. Адамның ең қатал жауы – өзі дейді ғой. Өзінің ішіндегі жауды жеңе білген адам болды. Қуандыққа қызығатын едім, сүйсінетін де едім. Себебі, менде ондай ерік-жігер болмайтын. Ол барлық нәрсеге үлгеретін еді. Айына 4-5 кітап дайындап қоятын. Осыны ай соңына дейіңн оқып бітіруім керек дейтін және де оқып тауысатын да еді. Сондықтан да болар қысқа ғұмырында көп нәрсеге үлгеріп кетті деп ойлаймын. Өзінен кейін көптеген мұра қалдырды. Бұл алдымен, оның қарым-қабілетінің арқасында болса, екіншіден, осы темірдей тәртіптің арқасында деп ойлаймын.

Айша жеңгей, сұқбатыңызға рақмет!

Өзгелердің жаңалығы