Елдің батысында 22 жастағы мұғалім өзіне қол жұмсады

23 Қаңтар 2023, 18:57
1681
Бөлісу:
Елдің батысында 22 жастағы мұғалім өзіне қол жұмсады

Батыс Қазақстанда 22 жастағы ауыл мектебінің бастауыш сынып мұғалімі асылып қалған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Туыстары қыздың мұндай қадамға баруына әріптестерінің қатысы бар деп отыр.

«Мой город» басылымының мәліметінше, Назым Өмірзақованың денесі 17 қаңтарда табылған.

Қыздың  ағасы Бекбол Мырзабаевтың айтуынша, Назым педагогикалық колледжді бітіріп, бірден ауыл мектебіне бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысқа орналасқан.

Басшылықпен қарым-қатынас дұрыс болмады. Директордың орынбасары оған басқа мұғалімдердің көзінше бірнеше мірте ескерту жасаған. Жалақысын қысқартып, бұйрық шығарып, ол басқа жұмысқа орналаса алмайтын болады деп қорқытқан, - дейді Бекбол Мырзабаев.

Оның айтуынша,  Назым ешқандай  хат жазып кетпеген.

Мектептің барлық ұжымы оған қысым жасалғанын біледі. Назымның өзі сабырлы, ешқашан ешкімді ренжіткен емес. Мен ешкімді кінәламаймын, бірақ әпкем жұмыстағы проблемаларға байланысты осындай қадамға баруы мүмкін деп күдіктенемін,  - дейді Бекбол Мырзабаев.

Өз кезегінде аудандық білім бөлімінің басшысы Ерболат Бекмулдин мектеп директорымен сөйлескенін айтқан.

Назым  толық жүктемеде жұмыс істеді, яғни 16 сағат жүктемемен жұмыс  істеді. Ол осы уақытқа дейін шағымданбаған, мектеп басшылығы оған түсіністікпен қараған, - дейді  Ерболат Бекмулдин.

БҚО полициясының мәліметінше, Назымның денесінде зорлық-зомбылық белгілері болмаған. Факт ҚК 105-бабы "Суицидке жеткізу" бойынша тіркелген.

Әріптесіміздің отбасы мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетін болады.

Қазіргі таңда арнайы комиссия құрылып, оның құрамына білім басқармасының, білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінің және құқық қорғау органдарының өкілдері енгізілген.

БҚО білім басқармасы мектеп жұмысы, ұжымдағы ахуал тексерілетінін айтты.

Мектеп директорының берген мәліметі бойынша қайғылы оқиға болар алдында бірнеше күн бұрын мұғалім науқастанып (аппендицит) аудандық ауруханаға түскен. 16 қаңтарда денсаулығына байланысты мұғалім жұмысқа келмеді. Келесі күні таңертең мектеп директорына қайғылы оқиға туралы хабар түскен. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жедел тексеріс шараларын жүргізуде. Мектеп жұмысы, ұжымдағы ахуал тексерілетін болады. Осы уақытқа дейін ұстаздар атынан шағым түскен жоқ, - делінген БҚО Білім басқармасы таратқан хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы