Елден қанша адам кетіп қалды

10 Ақпан 2023, 13:56
1986
Бөлісу:
Елден қанша адам кетіп қалды
Фото: tumblr.com

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халық саны 19 765 004 адам, оның ішінде қала тұрғындары – 12 208 259, ауыл тұрғындары – 7 556 745 адам, деп хабарлайды BAQ.KZ.

12 ай ішінде Қазақстанда 403,5 мың сәби (450,7 мың адам – 2021 ж) дүниеге келді , оның ішінде 208 мыңы – ұл, 195,5 мыңы – қыз. Туу коэффициенті 1000 адамға 20,28. Аталған кезеңде қайтыс болғандар саны 134,7 мың адам, бұл ретте 1000 адамға шаққандағы өлім-жітім коэффициенті – 6,77. Осылайша, халықтың табиғи өсімі 2022 жылдың 12 айында 268,8 мың адам (2020ж. – 263 мың, 2021 ж. – 267 мың), - делінген Статистика бюросы таратқан хабарламада.

Туудың ең жоғары деңгейі Маңғыстау (1000 тұрғынға 27,75 адам), Түркістан облыстарында (1000 тұрғынға 27,23 адам) және Шымкент қаласында (1000 тұрғынға 26,34 адам) байқалды.

Өлім-жітімнің ең жоғары деңгейі Солтүстік Қазақстан (1000 тұрғынға 11,84), Шығыс Қазақстан (1000 тұрғынға 11,71) және Қостанай облыстарында
(1000 тұрғынға 10,82) байқалды, бұл осы облыстар халқының жас құрылымына байланысты.

Аталған кезеңде 128,5 мың неке тіркелді, 2021 жылдың 12 айымен салыстырғанда неке саны 8,4%-ға төмендеді. Неке коэффициенті 1000 адамға 6,46 құрады. Сондай-ақ, осы кезеңде 17,7 мың ажырасу тіркелді (соттың некені бұзу туралы шешімдерін есепке алмағандағы АХАТ органдарының деректері бойынша), бұл да 2021 жылғы деңгейден 8,1%-ға аз. Ажырасу коэффициенті 1000 адамға 0,89, - делінген хабарламада.

Ел ішінде көшіп-қонушылар саны 6,1%-ға өсті. Өңіраралық көші-қон бойынша еліміздің 4 өңірінде: Алматы (35 302 адам), Астана (33 798 адам), Шымкент (2 756 адам) қалаларында және Алматы обласында (898 адам) халықтың көші-қонының оң сальдосы қалыптасты.

2022 жылғы қантар-желтоқсанда елге келгендер саны 17 293 адам, елден кеткендер саны  24 239 адамды құрады. Көші-қон сальдосы –  -6 946 адам. 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда Қазақстанға келушілер саны 57,5%-ға өсті, кеткендер саны 24,7%-ға азайды.

Елдегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен жүрді. ТМД елдерінен келгендердің үлесі 85,9%, ал бұл елдерге кеткендердің үлесі 83,4%.

Өзгелердің жаңалығы