1 қаңтардан бастап бүгінге дейін ауа-райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдарда қозғалыс 126 рет шектелді, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАвтожол баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жол қызметтері құбылмалы ауа-райы салдарымен күресіп, тасжолдарды жауған қардан үздіксіз, күшейтілген режимде тазартып жатыр.
Мәселен, Абай және Шығыс Қазақстан өңірлерінде төрт тәулік бойы күн райы ашылмай тұр. Осыған байланысты бұл өңірлердегі тасжолдарда жағдай әлі де күрделі. "Қазгидромет" РМК ақпаратына сәйкес бұл өңірлерде бір аптаға жетпес уақыт ішінде жауын - шашын мөлшері екі айлық нормадан асып түскен. Егер норма мөлшері 11-31 миллиметр болса, бұл өңірлерде 77 миллиметрге дейін жауын-шашын жауған. Жолшылар екі метрге жуық қарды тазалауда.
Бір жеті ішінде Абай және Шығыс Қазақстан өңірлерінде қар құрсауынан арнайы техника көмегімен 1 мыңнан астам көлік шығарылды.
Осы уақыт аралығында жолшы мамандар республикалық маңыздағы күре жолдар желісіне 7 мың м3 көктайғаққа қарсы материалдарды септі.
1403 байланыс орталығының мамандары да күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Соңғы жеті күнде операторлар жол пайдаланушыларынан келген 30 мыңға жуық қоңырауды өңдеді.
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қардан тазарту жұмыстары жалғаса бермек. Қысқы күтіп ұстау жұмыстарына 600 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.