Елдегі 60-тан астам түрмеде бейнебақылау орнатылған

19 Желтоқсан 2022, 16:16
967
Бөлісу:
Елдегі 60-тан астам түрмеде бейнебақылау орнатылған

Бұл туралы ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз хатшысы Роман Теленков мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Айтуынша, Президенттің тапсырмасы бойынша құқық қорғау органдары қызметін бақылап, айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін пенитенциарлық мекемелерде бейнекамералар орнату жұмыстары жалғасып жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында ҚАЖ Комитеті пенитенциарлық мекемелерде үздіксіз бейнебақылауды енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Биыл 78 мекеменің 62-сі жаппай бейнебақылаумен қамтылады. Бүгінгі таңда 28 мыңнан астам бейнекамера орнатылды, бұл оларда «бейнебақылаусыз аймақтардың» болуын толығымен жояды. Қалған 16 мекеме бойынша бейнемониторингті енгізуді 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, - деп атап өтті комитеттің баспасөз хатшысы. 

Сонымен қатар ол бейнебақылауда жасанды интеллект жүйесі барын айтты. 

Бейнебақылау жеке басын немесе көлігін анықтап қана қоймай, жасалған құқық бұзушылықты анықтауға мүмкіндік беретін жасанды интеллект жүйесіне ие. ҚАЖ комитетінде барлық бөлімшелердің бейнебақылау жүйелері таратылатын ахуалдық орталық құрылды. Бұл мекеменің қызметіне бақылауды жүзеге асыруға және бұзушылықтар туралы мәліметтерді тек өңірлік деңгейде ғана емес, Комитет деңгейінде де алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда олардың бір бөлігі орталыққа қосылған. Қадағалаушы прокурорлар үшін бейне суреттерді қашықтан қарау мүмкіндігі қамтамасыз етіледі, - деді Роман Теленков.

Белгілі болғандай, Ахуалдық орталыққа ұялы байланысты өшіргіштердің және адам мен жүктерді тексеру қондырғыларының белсенділігінің жай-күйін мониторингтеу жүйелері қосылатын болады. Жалпы, жаппай бейнебақылауды енгізу пенитенциарлық мекемелерде құқықтық тәртіпті сақтауды және төтенше жағдайлар мен қылмыстарға жол бермеуді қамтамасыз етуге бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы