Елдегі 40 мың шақырым жолда мобильді интернет пайда болады

Республикалық және облыстық жолдарда байланыс сапасын жақсарту үшін 500-ден астам мұнара салынып, шалғай елді мекендер спутниктік интернетке қосылады.

 istockphoto.com 24 Қараша 2026, 10:34
24 Қараша 2026, 10:34
60
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың 40 мың шақырымын мобильді байланыспен қамту жоспарланып отыр. Ол үшін 500-ден астам антенна мұнарасын салу қажет. Алайда құрылыс жұмыстары баяу жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында айтты.

Министрдің сөзінше, байланыс инфрақұрылымын кеңейту үшін әкімдіктер базалық станция орнатылатын жерлерді уақытында бөліп, электр желісін тартуы қажет. Бұл операторлардың жұмысын жеделдетуге мүмкіндік береді.

Алдағы міндет – республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың 40 мың шақырымын мобильді байланыспен қамту. Ол үшін антенна орнатылатын 500-ден астам мұнара салу қажет. Әзірге құрылыс баяу жүріп жатыр. Жобаның инвесторы „Транстелеком“ құрылысты жеделдетіп, нысандарды 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға беруге тиіс, – деді Жаслан Мәдиев.

Бұдан бөлек, 2024–2025 жылдары Қазақстанда 1 052 «ақ дақ» анықталған. Оның 213-інде мәселе әлі шешілмеген. Биыл жүргізілген жоспарлы өлшеу кезінде тағы 289 байланыссыз аумақ анықталып, оның 70-інде мәселе шешілген.

Министр қалған учаскелерде жұмысты созбай, байланыс нысандарын орналастыру үшін жер бөліп, электр желісіне қосуды қамтамасыз етуді әкімдіктерге тапсырды. Сондай-ақ әкімдіктер операторлармен бірге тұрғындарға жабдықтың қайда орнатылатынын және байланыс сапасының қалай жақсаратынын түсіндіруі керек.

Жұмыстар созылып жатқан жерлерде операторлар алаңдар мен байланыс мұнараларын бірлесіп пайдалануы керек. Қайта өлшегенде байланыстың тұрақты екені расталса ғана учаскені бақылаудан аламыз. Әкімдіктер Мемлекеттік радиожиілік қызметімен тест-драйв өткізуге арналған шарт талаптарын алдын ала келісуге тиіс, – деді министр.

Оның айтуынша, 2027 жылғы қаңтардан бастап әкімдіктер уәкілетті органмен бірге елдегі барлық ауылда мобильді байланыс сапасын тексеруге кірісуі керек.

Шалғай ауылдарға спутниктік интернет жеткізіледі

Ауылдардың бір-бірінен алшақ орналасуы кейбір елді мекендерге оптикалық желі тартуды қиындатады. Сондықтан мұндай ауылдарды спутниктік интернетке қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Елімізде ауылдардың арасы алшақ. Оптикалық желі тарту қиын шалғай ауылдарды спутниктік интернетке қосып жатырмыз. Бұл – цифрлық теңсіздікті азайтудың бір жолы, – деді Жаслан Мәдиев.

1 қазанда OneWeb және Starlink спутниктік байланыс операторларына лицензия берілген. Сонымен қатар Beeline және Starlink Mobile компанияларымен бірлесіп Direct-to-Cell технологиясы іске қосылған. Бұл технология арқылы смартфон спутникке тікелей қосылады. Соның арқасында Қазақстанның кез келген жерінен хабарлама жіберіп, интернеттің негізгі қызметтерін пайдалануға болады. Қазір қызмет Android құрылғыларында қолжетімді, ал оны iOS жүйесіне де бейімдеу жұмыстары жүріп жатыр.

Келесі жылы Қазақстан нарығына Shanghai Spacecom Satellite Technology және Amazon LEO компанияларының шығуы күтілуде. Осылайша, Қазақстан Орталық Азияда аталған төрт оператордың да жерүсті станциялары орналасқан алғашқы ел болмақ. Министрдің айтуынша, станциялардың ел аумағында орналасуы ұлттық қауіпсіздік талаптарына сай келеді.

Наверх