Елде зейнетақы мен жәрдемақы өсті

3 Қаңтар 2024, 10:18
39080
Бөлісу:
Елде зейнетақы мен жәрдемақы өсті
Фото: BAQ.KZ - архив

1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрлері және базалық зейнетақы төлемі Ұлттық банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 7%-ға, ынтымақты зейнетақы 9%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2% - ға артып көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2024 жылы бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері (БЖЗҚ төлемдерін есептемегенде) 130 414 теңге (2023 жылы – 120 838 теңге).

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 %-на дейін, ең жоғары – 120 %-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.

Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 60 %-дан 65 %-ға дейін өсті, бұл 28 215 теңге, ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 100-ден 105 %-ға дейін арттырылып, 45 578 теңге болады.

 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың ұлғаюының бірнеше мысалы:

- 1, 2, 3 баланың тууына берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала тууына берілетін жәрдемақы – 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін ұлғайды;

- мөлшері балалар санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін ұлғайды;

- I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, II топ – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топ – 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін ұлғайтылды.

Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан  асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер 7 %-ға ұлғайтылды. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырады.

Төлемдердің мөлшері жеке-жеке және мыналарға байланысты болады: соңғы 2 жылда МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттері, асырауындағы адамдар саны, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты алмастыру.

Өзгелердің жаңалығы