Биыл 2 ақпаннан бастап елде жасы 12 айдан асқан бұқаларды және 6 айдан жоғары қошқарларды әкетуге арналған сандық шектеулер күшіне енді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл шешім мал экспортын реттеуге және отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға бағытталған.
11 наурыздағы жағдай бойынша ірі қара мал экспортына 35 290 квота, оның ішінде, бордақылау алаңдарына 29 986 квота және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 5 304 квота берілді. Жасы 12 айдан асқан бұқашықтарды әкету лимиті 60 000 бас, бордақылау алаңдары үшін 30 000 басқа және тауар өндірушілер үшін 30 000 басқа бөлінеді.
Қазіргі уақытта бордақылау алаңдарына ірі қара малын экспорттауға бөлінген квота таусылған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қалған квота – 24 696 бас. Сондай-ақ ұсақ малдың экспортына – 7580 квота, оның ішінде бордақылау алаңдарына 6150 квота және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 1430 квота берілді, - делінген министрліктің ақпаратында.
Айта кету керек, квоталарды бөлу тауарлар экспортына лицензиялар беру кезінде "Е-лицензиялау" порталы арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.