Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Республикада жалпы астық сақтау сыйымдылығы 29,3 млн тоннаны құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, егіннің сандық-сапалық сақталуын қамтамасыз ету маңызды. Республикада қолда бар қоймалар өткен жылдардың ауыспалы қалдықтарын ескере отырып, болжамды түсімді сақтау үшін жеткілікті.
Республикада жалпы астық сақтау сыйымдылығы 29,3 млн тоннаны, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында 12,4 млн тоннаны, ауыл шаруашылығы өндірушілерінде 16,9 млн тоннаны құрайды, - деп баяндады Ербол Қарашөкеев.Сонымен қатар әкімдіктер жаңа түсімді элеваторлардың уақтылы қабылдауына үнемі мониторинг жүргізіп, астықтың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету мәселесін тұрақты бақылауда ұстауы қажет.
Еске сала кетейік, бүгінгі күні республика бойынша барлығы 15,1 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Одан бөлек, шамамен 14,3 млн тонна дәнді дақылдар, 200 мың тонна майлы дақылдар жиналды.