Елде агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспорты артты

16 Маусым 2023, 10:51
895
Бөлісу:
Елде агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспорты артты
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Былтыр елімізде агроөнеркәсіптік кешен өнімінің экспорты алдыңғы жылғы деңгейден 50 пайызға жуық артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Сенатта өткен үкімет сағатында мәлімдеді. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету арқасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласында жыл сайын тұрақты өсу байқалады.

2022 жылдың қорытындысы бойынша тамақ өнімдерін өндіру 3,9%-ға өсіп, 2,9 трлн теңгені құрады. Салаға инвестициялар ағымы артуда, 2022 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 141 млрд теңгені құрады немесе 12%-ға артты. Жеке позициялар бойынша экспортқа өткен жылы шектеулер енгізгеніне қарамастан, өндіріс көлемін өсіру есебінен 2022 жылда агроөнеркәсіптік кешен өнімінің экспорты 5,6 млрд долларды құрды, 2021 жылдың деңгейінен 46%-ға артық, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Сонымен қатар ол өңделген өнімнің экспорты көлеміне тоқталды.

Бұл ретте, өңделген өнімнің экспорты 64%-ға өсіп, 2,3 млрд долларды құрады. Экспортағы өңделген өнімнің үлесі 37%-дан 42%-ға өсті. Өңдеу салаларының құрылымы бойынша бірінші үштікті ұн өндіру – 17%-бен, сүт өнімдерін және ет өнімдерін өндіру – 16%-бен тиісінше бастап тұр. Одан әрі өсімдік майлары (8%), қант (4%), жарма (2%) өндірісі құрайды, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы