Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасы Алматыда Еңбек ері, "Шаушен" шаруа қожалығының басшысы Сарамбай Дөненбаевты және "Алматыкітап Баспасы" ЖШС директорлар кеңесінің төрайымы Элеонора Баталованы қабылдады. Бұл туралы Елбасының ресми баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Елбасы кәсіпкердің Жамбыл облысындағы әлеуметтік инфрақұрылым құрылысына белсене қатысқанын атап өтті.
Өз кезегінде "Қазақстанның Еңбек Ері" атағының иегері Сарамбай Дөненбаев Қазақстанның Тұңғыш Президентіне ауылдар мен ауыл жастарының дамуына көңіл бөліп, қолдау көрсеткені үшін ризашылық білдірді.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Алматыкітап Баспасы" ЖШС директорлар кеңесінің төрайымы Элеонора Баталоваға елдегі баспа ісінің дамуы мен қалыптасуына қосқан үлесін атап өтті.
Сіздің жетекшілігіңізбен "Алматыкітап" жақсы жұмыс көрсетіп отыр. Сіздер өте қызықты әрі жақсы кітаптар шығарасыздар, - деді Елбасы.
Сонымен бірге, Э.Баталова Нұрсұлтан Назарбаевқа тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен гүлденуі жолындағы қажырлы еңбегі үшін алғыс айтты.