Елбасы елі артқан міндеттен тайқыған жоқ – Болат Сүлейменұлы

30 Қараша 2019, 10:51
6130
Бөлісу:
Елбасы елі артқан міндеттен тайқыған жоқ – Болат Сүлейменұлы
PHOTO

Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ақмола өңірінде ұзақ жылдар медицина саласында абыройлы еңбек етіп, денсаулық сақтау саласын нығайтуға елеулі үлес қосқан Болат Сүлейменұлы айтты.

Тәуелсіздігіміздің, егемендігіміздің бастауында Елбасы – Тұңғыш президентіміз тұр. Жаңа тарихымыздың жарқын жобасын жасап, барар жолын, шығар биігін нұсқап, ұлы көшті батыл бастаған да – Нұрсұлтан Назарбаев, - дейді Болат Сүлейменұлы.

Денсаулық саласының ардагері тәуелсіз еліміздің даму жолында небір қиындықтарды көзбен көрген, игілікті істердің басы-қасында жүрген сәттерін әсте ұмытпайды.

Тұңғыш президент тағдыры тап қылып, аманаттап тапсырып, елі артқан міндеттен тайқыған жоқ, жан төзбес қиындықтардың боларын біле тұра, тәуелсіздік туын қолына алды. Артында сенім артқан елі, алдында белгісіздік жолы. Із түспеген, ақ қар жапқан мылқау дүние дерсің. Бұл тұста ойың алғыр, қиялың ұшқыр, бүгінгі сан тарау жұрт, мың сан мемлекеттердің даму үрдістерінен жіті хабардар болып, олардың өсіп-өркендеуін зерделеп, саралай алар болмасаң, өз соқпағыңды сала алармысың? Міне, Нұрсұлтан Назарбаев тыңға түрен салғандай, өз білігімен алға аттады, елін бастады, соны соқпақ салды. Бұл жолды "жеңіл" деп кім айта алар еді?! Әрине, әлемдік дамуды еледі, екшеді. Алайда, ең бір сүйенгені ежелгі ата-бабасының, қазақтың асыл арманы, мақсат-мұраты еді. Онысы – ел іргесін бекіту, кең даламыздың шегін шегендеп, шекарамызды бекіту, ата жолымызды, әдет-ғұрпымызды, аңсар-арманымызды анық танытар, біреуге қылыш көтермес, өзге елге баса көктеп кірмес, өз Отанын қасық қанымыз қалғанша қорғар, адал еңбекпен өсер, ақ ниетті жұрт екенімізді паш етер Ата заңымызды қабылдау. Содан да тәуекелге бел буып, талайлардың қолы жетпей отырған жойқын қарудан құтылды. "Міне, мен жаулық іздемейтін, ізгі ниеттімен тізе қоса жақсылыққа ұмтылған зайырлы елмін" дегенді айтты. Ізгі мұратқа қол созған, сенім артуға тұрарлық ел екенін осындай батыл шешіммен дәлелдеді. Елбасының төбеден жай түсіргендей шорт кескен шешімі әлем жұртын елең еткізді. Елдің де, Елбасының да беделі шарықтап өсе берді, - дейді Болат Сүлейменұлы.
_46488450_336005783618034_6211193180180709376_n.jpg

Оның пайымынша, Тәуелсіздігімізді жаңа алған жылдардағы тоқыраған, талмаусыраған кезеңдердегі Елбасы қызметі ерлікке пара-пар.

Қым-қуыт дүниенің түкпір-түкпіріне күн-түн қатып ұшып, небір алпауыт елдердің басшыларымен кездесіп, оларды әріптестікке, іскерлік бейланысқа шақырып, өз идеяларының дұрыстығына жүгінтпеп пе еді? Даму үрдістері солай басталмап па еді? Ұзақ, алыс сапарлар, күрделі кездесулер, аяқасты шығарылар шұғыл шешімдер үшін тәуелсіздігін жаңа алған ел президенті қандай болуы керек еді? Ол үшін қандай қайрат-жігер, денсаулық, ұшқырлық, тапқырлық, батылдық, алғырлық керек?! Қазақтың «"Сегіз қырлы, бір сырлы" дейтін сөзі бар емес пе? Ол үшін дәл сондай адам керек шығар! Елбасы туралы деректі фильмдерден оның бірде ат үстінде желіп келе жатқанын, бірде таудан төмен шаңғымен құлдилап келе жатқанын, бірде үлкен теннис ойнап жүргенін, енді бірде қара домбыраны күмбірлетіп, ән салып отырғанын көрсететіні бар. Сонда әлгі сөздің ойға түсері бар, – дейді Болат Сүлейменұлы.
_13.jpg

Ардагердің пікірінше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің қай өңіріне болсын жұмыс сапарлары халықтың жігеріне жігер құятын маңызды оқиға. 

Астаналық облысқа үнемі дәйекті көңіл бөліп, алға қойған міндеттерімен де, өңірдегі оң өзгерістерге зор тілектестігімен де ақмолалықтар жүрегін бір тебірентіп тастайтын Ұлт Көшбасшысының облысқа әр сапары киелі Ақмола мен Көкшені іргелі істерге, баянды белестерге бастап келеді.

_12378.jpg

Көп сандарды сараламай-ақ, күнделікті не көріп жүрміз, соған келейікші. Көкшетауда көпқабатты тұрғын үйлер қашан дәл бүгінгідей салынып еді. Көл жағасындағы ескі үйлер сүріліп, қашан келісті жағалау салу қолға алынып еді? Қашан қаланың әр ауласында балалар ойнайтын және спорт алаңдары салынып еді? Қашан елордамен Көкшетаудың арасын автобан жалғап еді? Осындай керемет жетістіктер одан әрі жалғасуда ғой. "Елорданы қоршай орналасқан Ақмола облысының дамуы бас қаламен тікелей байланысты. Өңірге артылатын жүк ауыр. Астаналық облыс қай жағынан да үлгі көрсете алуы тиіс" деген Елбасы тілегі ақмолалықтарға тың серпін беріп келеді. Ұлт көшбасшысы нұсқаған сол бағыт, сол жолмен, бір белестен соң, бір белесті бағындырып, алға басып келеміз Елбасы әлі де іс үстінде. Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы, "Нұр Отан" партиясының жетекшісі, Тұңғыш президент ретінде елдің де, әлемнің де дамуына сүбелі үлес қосуда. Оның шешімді де кесімді ой-пікірлері ел үшін де, әлем үшін де қымбат, - дейді Болат Сүлейменұлы.

Өзгелердің жаңалығы