Елбасы бірнеше шенеунікті қабылдады

19 Қараша 2020, 21:09
1773
Бөлісу:
Елбасы бірнеше шенеунікті қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астана әкімі Алтай Көлгіновті, Елбасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовті және Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевті қабылдады.

Кездесуде Елбасы пандемия жағдайында халықтың әлеуметтік әлсіз топтары мен шағын және орта бизнес өкілдерін қорғаудың маңыздылығына назар аударды.

Өз кезегінде А.Көлгінов білім беру, денсаулық сақтау, полиция, мәдениет, спорт саласы қызметкерлері мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға арналған қолжетімді баспана құрылысының барысы туралы ақпарат ұсынды.

Сондай-ақ елорда әкімі Нұрсұлтан Назарбаевқа қаланың жол және инженерлік инфрақұрылымы, әлеуметтік жобалар, тұрғын үй алаптарын абаттандыру бағытында қабылданған шаралар туралы айтып берді.

Абылай Мырзахметов Елбасыға пандемия жағдайында отандық бизнесті қолдау шаралары туралы мәлімет беріді.

Сонымен қатар А.Мырзахметов халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтары үшін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарын шығаратын отандық өндірушілермен жүргізіліп жатқан жұмыс туралы айтып берді.

Сондай-ақ кездесуде халықты жұмыспен қамту, карантин шектеулерінен зардап шеккен шағын және микробизнес өкілдеріне қолдау көрсету мәселелері талқыланды.

Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевті қабылдау барысында Нұрсұлтан Назарбаев күрделі эпидемиологиялық ахуал, әлемдік экономикалық дағдарыс пен аймақтық сын-қатерлер жағдайында  ұлттық қауіпсіздік жүйесінің қызметін үйлестіруді күшейту қажеттігін атап өтті.

Ә.Исекешев Елбасыға Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының ұлттық қауіпсіздіктің, оның ішінде экономикалық, ақпараттық және әскери қауіпсіздіктің негізгі бағыттары бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы ақпарат берді.

Сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы құқық қорғау жүйесін одан әрі дамыту және елдегі қылмыс деңгейін төмендету бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Сонымен бірге Ә.Исекешев Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы және Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдердің Қауіпсіздік Кеңестері хатшыларының кездесулерінің нәтижелері туралы айтып берді. Аталған іс-шаралар аясында өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, терроризмге, есірткінің заңсыз айналымына, киберқауіпсіздік саласындағы қатерлерге қарсы күресті күшейту шаралары талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі мәселелері бойынша бірқатар тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы