Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада Тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқан ардагерлер марапатталды.
Салтанатты рәсім «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық қоры және «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің қолдауымен өтті.
Тәуелсіздік деген қасиетті стасусқа ие болу үшін кейбіреулерге ғасырлар қажет. Бізге бұйырған тәуелсіздік үшін ата-бабаларымыз аз тер төккен жоқ. Ал оны нығайтуға әрбір қазақстандық үлес қосуда. Біз 30 жыл бойы жұдырықтай жұмылып, кез келген сынақты бірге еңсеріп келеміз. Оған аға буынның қосып жатқан үлесі өлшеусіз, - деп атап өтті Қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Сансызбай Есілов.
Салтанатты шарада қоғам өмірі мен ел тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосқан ардагерлерге Ақпарат және қоғамдық даму министрі қол қойған алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Тәуелсіздік - кез келген халықтың басты құндылығы, ал қазақстандықтар үшін бұл мемлекеттіктің қалыптасуындағы ерекше маңызды сәт. Біздің Отанымыздың, Қазақстан Республикасының дамуына үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсету жас ұрпақты тәрбиелеудегі, тарихи жадыны сақтаудағы басым бағыттардың бірі, - деді «Atamnyn Amanaty» ҚБ басқарма төрағасы Мұрат Молдағалиев.
Сондай марапатқа ие болған жандардың бірі запастағы полковник Ақылбек Жұбаниязов жас буын тәрбиесіне қосқан еңбегі бағаланып жатқанына алғыс білдірді.
Сонау кеңестік кезеңнен бері әскери салада қызмет еттім. Бала кезден армандап, саналы ғұмырымды осы іске арнап келе жатқаным үшін қуаныштымын. Қазір запаста болсам да, Астана медицина университетінің әскери кафедрасында, сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебінде жас буынды әскери іске баулып, патриоттық тәрбие беру жолында еңбек етіп жүрмін. Осындай еңбегімізді елеп жатқан Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне, Ардагерлер қоғамдық қоры және «Атамның аманаты» бірлестігіне алғыс білдіргім келеді. Еліміздің кез келген азаматы ел тәуелсіздігінің нығаюына, елдің дамуына үлес қосуда деген ойдамын. Еліміздегі татулық пен бейбітшілікті сақтау үшін әлі де қызмет ете беремін, - дейді ол.
Аталған іс-шара ҚР Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты аясында өткізілгенін атап өткен жөн.