Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі елдің инновациялық және ғылыми-техникалық дамуына қатысты заң жобасын әзірледі.
"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Инновациялық және ғылыми-техникалық даму мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы елдегі инновациялық белсенділікті арттыруға, сондай-ақ отандық әзірлеушілерді қолдаудың тиімді экожүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Сарапшылардың пікірінше, инновацияларды қолдау сапалы жаңа деңгейге шығуы үшін осы бағыттағы қолданыстағы нормаларды, оның ішінде инновациялық қызметті ынталандыру мен көтермелеуге қатысты нормаларды өзектендіру маңызды. Бұл ретте жұмыста халықаралық тәсілдерді қолдану және мемлекеттік инновациялық саясатты үйлестіруді күшейту міндетті өлшемдер болып табылады.
Жоба нормалары қабылданған жағдайда негізгі өзгерістер мен жаңалықтар технологиялық платформаларды қалыптастыру, корпоративтік инновацияларды, венчурлік капитал нарығын дамыту, стартаптар мен инновациялық компанияларды ынталандыру, ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың тиімділігін арттыру және мемлекеттік саясатты іске асыруды институционалдық күшейту сияқты бағыттарда іске асырылады.
Заң жобасын әзірлеуге Заңды жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамасымен мақұлданған сараптама қоғамдастығының ондаған өкілі қатысты, нәтижесінде 160-қа жуық заңнамалық норма қалыптастырылды.
Қазақстандықтардың талқылауға қатысуы үшін бұл нормалар "Ашық деректер" порталында орналастырылған. Заң жобасы бойынша ұсыныстар портал арқылы 15 қыркүйекке дейін қабылданады. Заң жобасының тұжырымдамасымен мына сілтемеден танысуға болады.