Ел аумағына санитариялық бақылау қалай жүргізіледі?

25 Тамыз 2023, 13:21
944
Бөлісу:
Ел аумағына санитариялық бақылау қалай жүргізіледі?
Фото: Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті

Ел аумағына санитариялық бақылау қалай жүргізіледі? Бұл жайында ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Шекарадағы санитариялық қорғау жөніндегі қызметті үйлестіру басқармасының басшысы Нұртуған Ерубаев айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.

Тілші: Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау қалай жүзеге асырылады?

Нұртуған Ерубаев: Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғау, еліміздің Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру, оны жүргізу - санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің басым бағыттарының бірі.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес санитариялық-карантиндік бақылау адамдарға, көлік құралдарына және адам денсаулығы үшін ықтимал қауіпті өнімді не тауарларды әкелуді, кіргізуді, инфекциялық және жаппай инфекциялық емес аурулардың болуын және таралуын болғызбау мақсатында мемлекетаралық өткізу теміржол станцияларында немесе түйісу станцияларында Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мен қадағалауға жататын өнімге қатысты жүзеге асырылады.

Санитариялық-карантиндік бақылауды ЕАЭО және «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының (ХШЫО) кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы халықаралық әуежайларда, теміржол станцияларында және теңіз порттарында Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Көліктегі аумақтық бөлімшесінің, сондай-ақ ЕАЭО кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Мемлекеттік шекара арқылы автомобиль өткізу пункттерінде Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық бөлімшелерінің күштері жүзеге асырады.

Санитариялық бақылау пункттері 17 халықаралық әуежайда, 5 теміржол көлігіндегі өткізу пунктінде, 2 теңіз портында және 1 «Қорғас» ХШЫО, сондай-ақ 14 автомобиль өткізу пунктінде орналасқан.

Санитариялық-карантиндік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар Мемлекеттік шекарадағы өткізу пунктерінде санитариялық-карантиндік бақылауды:

1) инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша қолайсыз елдерден және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараты бойынша жолаушылар және өзге де көлік құралы немесе жеке тұлға келген;

2) жолаушылар және өзге де көлік құралының экипажынан ауру немесе көлік құралында инфекциялық және паразиттік ауруға күдікті адамның бар екендігі туралы хабарлама алған;

3) жөнелтуші, транзит немесе алушы елдің құзыретті органдарынан халықтың денсаулығына қауіп төндіретін жүктің келуі туралы ақпарат алған;

4) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде контейнерлер мен лихтерлерді ашу белгілері байқалған немесе олардың тұтастығы бұзылған;

5) көлік құралында жұқпалы және паразиттік ауруларды тасымалдаушы жәндіктер, кеміргіштер мен өлген кеміргіштер табылған;

6) әуе немесе теңіз кемесінің бортында жұқпалы ауруларға күдікті адамдардың болмауы туралы, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғауды жүзеге асыру жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізуді талап ететін алдын ала ақпаратты белгіленген тәртіппен хабарламаған;

7) бұрын жүзеге асырылған санитариялық-карантиндік бақылау барысында халықаралық тасымалдарды жүзеге асыратын көлік құралында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзушылықтары анықталған;

8) бүтіндігі бұзылған, құрамында іш киім, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары немесе шаруашылық пайдаланудағы өзге де заттар, ыдыс-аяқ, ойыншықтар бар және залалданған аудандары бар елдерден немесе эпидемия аймақтарынан келіп түскен халықаралық почта жөнелтілімдері анықталған кезде жүргізеді.

Мысалы, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша халықаралық әуежайлардағы, теміржол станцияларындағы және ЕАЭО кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы теңіз порттарындағы өткізу пункттері арқылы 2 358 750 адам келді, оның ішінде адам температурасын қашықтан өлшеу жолымен санитариялық-карантиндік бақылау жүргізу кезінде дене температурасы көтерілген 26 жолаушы анықталды.

Оның ішінде халықаралық әуе рейстермен 2 086 493 (2022 ж. - 1 321 441) адам келді, оның ішінде 2 057 406 жолаушы (2022 ж. – 1 300 982).

2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда алыс және жақын шетелдерден келетін адамдардың 65%-ға өсуі байқалады, бұл шектеу іс-шаралары алынып тасталғаннан кейінгі рейстердің ұлғаюына, сондай-ақ жазғы туристік маусымға байланысты.

Халықаралық теміржол жолаушылар қатынасымен 237 250 (2022 – 44 837) жолаушы келді, дене температурасы жоғары 2 жолаушы анықталды, гастроэнтерит - 1, катаральды тонзиллит - 1 диагнозы қойылды (Бейнеу станциясында).

Осы кезеңде халықаралық теңіз көлігімен 19 414 (2022ж. – 18 268) жолаушы келді, оның ішінде жоғары температуралы жолаушылар анықталған жоқ.

Инфекциялық және паразиттік аурумен ауыратын науқас анықталған жағдайда санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізіледі: науқасты уақытша оқшаулау; бақылау; бортта инфекциялық симптомдары бар немесе инфекциялық ауруға күдікті науқас анықталған көлік құралының дезинфекциялық іс-шараларын ұйымдастыру.

Тілші: Жүктерді әкелуге санитариялық-карантиндік бақылау қалай жүзеге асырылады және бақылаудағы тауарларды ел аумағына әкелуге қандай себептермен тыйым салынады?

Нұртуған Ерубаев: Бақылаудағы тауарларға санитариялық-карантиндік бақылау Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 28 мамырдағы №299 шешімімен бекітілген ЕАЭО кедендік шекарасында және ЕАЭО кедендік аумағында мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізу тәртібіне сәйкес жүргізіледі.

Тауарлардың бірыңғай тізбесіне енгізілген бақылаудағы тауарларды ЕАЭО кедендік шекарасы арқылы өткізуге мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүзеге асырылатын халықаралық қатынастар үшін ашық, мүше мемлекеттер айқындаған өткізу пункттерінде ғана жол беріледі. Мемлекеттік тіркеуге жататын өнімнің бірыңғай тізбесі 299 шешіммен бекітілген.

Атап өтсем, 2023 жылғы есепті кезеңде санитариялық-карантиндік бақылау барысында ЕАЭО кедендік шекарасында 44 040,889 тонна көлемінде бақылаудағы тауарлардың барлығы 2 058 партиясы тексерілді (2022 ж. 7 айы – 85 375,05 тонна көлемінде 1 209 партия), былтырдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 53,8%-ға ұлғаю байқалады, оның ішінде теміржол өтпелі пункттерінде 59,8%-ға, теңіз порттарында 31,4%-ға ұлғайды.

Өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттардың болмауына және сәйкес келмеуіне байланысты санитариялық-карантиндік пункттердің мамандары Қазақстан Республикасына 4839,062 тонна көлемінде 227 жүк партиясын әкелуге тыйым салды (2022 жылғы 7 ай – жалпы салмағы 4746,446 тонна болатын 224 жүк партиясы.).

Былтырмен салыстырғанда тыйым салынған жүктердің 2,1%-ға азаюы байқалады, басты себеп – мемлекеттік тіркеу куәлігінің болмауы.

Тілші: Шекарадағы басқа қызметтермен өзара іс-қимыл және көлік құралдарында аса қауіпті және карантиндік инфекцияларға науқас анықталған жағдайда олармен қандай практикалық тренингтер өткізілетіні туралы айтып берсеңіз...

Нұртуған Ерубаев: Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Көліктегі аумақтық бөлімшесі жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, көлік құралдарында аса қауіпті және карантиндік инфекциясы бар науқас анықталған жағдайда мүдделі қызметтер мен ведомстволардың іс-қимыл тактикасы бойынша оқу-жаттығуларын өткізеді. Оқу-жаттығулар 11 халықаралық әуежай мен 21 теміржол стансасы мен вокзалда нақты жағдайға барынша жақын шарттарда өткізілді.

Оқу-жаттығудың міндеті – ведомстволарды уақытылы анықтау және өзара іс-қимыл жасау.

Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша жүргізілген іс-шараның тиімділігін талқылау және биологиялық сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде эпидемияға қарсы іс-шараларды уақтылы өткізуді қамтамасыз ету үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды жақсарту жөнінде шешімдер қабылдау үшін бақылаушылардың қатысуымен жұмыс топтарының кеңестері өткізілді.

Аса қауіпті және карантиндік инфекциялардың алдын алу мақсатында мүдделі мемлекеттік органдар, кәсіпкерлік субъектілері және халық арасында санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізіледі. Биылдың өткен кезеңінде Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Көліктегі аумақтық бөлімшесі 94 оқыту семинарын өткізді, веб-сайтта 21 материал орналастырды, баспа басылымдарында 7 мақала жариялады.

Тілші: Аса қауіпті және карантиндік инфекциялардың әкелінетін жағдайлары тіркелді ме?

Нұртуған Ерубаев: Бүгінгі таңда Қазақстанда аса қауіпті және карантиндік инфекциялар жағдайлары тіркелген жоқ.

Аса қауіпті және карантиндік инфекцияларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге жол бермеу мақсатында Мемлекеттік шекарада контактісіз термометрияны міндетті түрде жүргізе отырып, алыс және жақын шетелдерден келетін адамдарға санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіледі.

Тілші: Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет.

Өзгелердің жаңалығы