Дауыс беру басталған сәттен экзитпол өкілдері де өз жұмысын ширатып бастады. Кешенді әлеуметтік зерттеулер институтының өкілдері әр өңірде сауалнама жүргізді. Ұлытау облысының Жезқазған, Сәтбаев қалаларында ұйымның 10-даған мүшесі бірнеше учаскеде дауыс берушілермен тілдесіп, қай үміткерді таңдағанын жазып алуда, деп хабарлайды Ұлытау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетейік, экзитпол өкілдері сайлау учаскелерінің тек сыртында жұмыс жасап жатыр. Бұл топ өткен жылғы референдумда және Президент сайлауында да экзитпол жұмыстарына қатысқан болатын.
Экзитпол тобының мүшесі Мадина Алдажанованың айтуынша, сайлаушылар өз таңдауын жасауға үлкен жауапкершілікпен келіп, ұлтының, ұрпағының кемел келешегі үшін дауыс беруде. Таңғы сағат жетіден ағылған сайлаушылардың қарасын әсіресе, зейнет жасындағы кісілер қалыңдатқан.
Отбасы мүшелерімен бірге келіп, елдің ертеңі үшін таңдау жасағандар тарапы да ауыз толтырып айтарлық. Бастысы елдің болашаққа деген сенімі зор. Үміт күтеді, сол үміттің ақталатынына сенеді.