Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Экстремистік топтар біздің қоғамға радикалдық ағымдардың идеологиясын енгізуге тырысқан. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин мәлімдеді.
Оның айтуынша, әртүрлі нысандарға шабуыл жасалуы, зорлық-зомбылық әрекеттері – экстремизмнің белгісі.
Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі өкілдері брифингте оқиғалар тізбегін мәлімдеді. Әріптестерімізді, БАҚ өкілдерін, мамандарды осы оқиғалар тізбегіне аса мән беруге шақырамын. Одан оқиғаның қалай өрбігенін, түрлі құрылымдардың, Ішкі істер органдарының әрекеттерін байқауға болады. Көшедегі митингке өкінішке қарай, қылмыстық әрекеттерге барған жастардан құралған топтар қосылды. Олар қаланы ойрандап, тәртіпсіздік орнатты. Бұл жағдайды террористік топтар, радикалдар пайдаланып, түрлі нысандарға мақсатты түрде шабуыл жасады. Сот экстремистік ұйым ретінде таныған топтар ашық түрде шабуылдарды ұйымдастырып, әкімшілік ғимараттарды басып алу кезінде зорлық-зомбылық әрекеттерге барған. Ұйымның чаттары арқылы нысандарды басып алу, жолдарды жабу, транспортты тоқтату бойынша нақты бұйрықтар, нұсқаулықтар беріліп отырған. Бұл әрекеттер әртүрлі өңірлерде бір уақытта жүзеге асқан. Оларға шабуыл бойынша тапсырмалар беріліп отырған, - деді ол.
Мемлекеттік хатшы қоғамға идеологиясын енгізбек болғандармен күресті ел болып жүргізу керек екенін айтты.
Экстремистік топтар радикалдық ұйымдарға ұласқан. Бұл әрекеттерінен біздің қоғамға радикалдық ағымдардың идеологиясын енгізуге тырысқандарын байқадық. Мемлекетте де, қоғамда да бір ғана әдіс болуы тиіс. Біз мұндай іс-әрекеттердің жолын кесуіміз қажет. Мұндай зорлық-зомбылық идеологиясына, зорлықшыл экстремизм идеологиясына тосқауыл қоюымыз керек. Әйтпесе бұл идеология қоғамда тереңінен таралуы мүмкін, - деді ол Хабар24 арнасына берген сұхбатында.