Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Экс-банкир Жомарт Ертаев бостандыққа шықты

3 Қыркүйек 2025, 11:34
624
Бөлісу:

144 млрд теңгені жымқырғаны үшін сотталған бұрынғы банкир Жомарт Ертаев рақымшылық актісі бойынша бас бостандығынан айыру орындарынан босатылды. Бұл ақпаратты ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті растады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, Ертаев сот үкіміне сәйкес жазасын өтеп жатқан. Алайда сот шешімімен оған рақымшылық актісі шыққан.

Қосымша айта кетейік, сотталғандарға қатысты істерді қарау және шешім қабылдау соттың құзыретіне жатады. Сонымен қатар, одан әрі бақылау мен қадағалау үшін аталған сотталған пробация қызметінің есебіне қойылды, - деп атап өтті ҚАЖК.

Еске сала кетейік, 2018 жылы экс-банкир Мәскеуде ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған болатын. Ол 144 млрд теңгені жымқырды деп айыпталды.

Алматыда сот процесі 2019 жылдың желтоқсанында басталып, бір жылға жуық уақытқа созылды. Ертаевпен бірге айыпталушылар орындығында тағы 38 адам отырған.

Сот отырыстары барысында Ертаев кінәсін мойындап, соңғы сөзінде барлығынан, оның ішінде басқа айыпталушылардан да кешірім сұрады.

2020 жылғы 16 қарашада сот оны 11 жылға бас бостандығынан айырды. 2021 жылы жаза мерзімі 9 жылға қысқартылған еді.

Өзгелердің жаңалығы