Ақтөбе облысында 54 жастағы адвокат алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Іс эпизодтарының бірі бойынша ол бұрынғы Шалқар әкіміне 8 млн теңгеге соттылықты алып тастауға көмектесетінін уәде еткен.
Бұрынғы әкім таныстарының кеңесімен адвокатқа жүгінген. Әйел оған соттан ақтау үкімін шығарып беруге уәде етіп, алдын ала 4 млн теңге алған. Алайда апелляциялық сот алқасы экс-әкімнің пайдасына шешім шығармаған. Осыдан кейін ол берген ақшасын қайтаруды талап еткен.
Кейін белгілі болғандай, адвокат алаяқтыққа қатысты бірнеше қылмыстық істің фигурантына айналған.
Сот мәліметінше, ол сыбайласымен бірге азаматтарға кейін сатып алу құқығымен берілетін мемлекеттік жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы арқылы пәтер алып береміз деп уәде берген. Істердің бірінде әйел клиентке Ақтөбе мен Астана қалаларындағы тұрғын үй кешендерінен бір екі бөлмелі және үш үш бөлмелі пәтер алып беретінін айтып, 47 млн теңге алған.
Осыған ұқсас тәсілмен өзге азаматтар да алданған.
Сот адвокатты алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Оның сыбайласы да 6 жылға сотталды. Алайда кәмелетке толмаған баласы болғандықтан, оған қатысты жаза өтеу кейінге қалдырылды.
Сонымен қатар сот сотталғандарды жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге міндеттеді.