Экс-әкім Мұрат Әйтеновтің бұрынғы жеңгесіне қатысты сот үкімі шықты

23 Тамыз 2024, 15:32
400
Бөлісу:
Экс-әкім Мұрат Әйтеновтің бұрынғы жеңгесіне қатысты сот үкімі шықты
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Шымкент қаласының басшысы болған Мұрат Әйтеновтің бауыры Марат Әйтеновтің ажырасып кеткен әйелі денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін жазаға тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2024 жылғы 23 тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін Дана Әтешоваға қатысты үкім шығарды. Ол қылмыстық кодекстің 108-1-бабының 1-бөлігімен айыпталған болатын.

Сотта белгілі болғандай Әтешова оны мәжбүрлеп шығару процесі барысында үй иесіне қарсылық көрсетіп, бұрынғы күйеуін үйге кіргізбей, жәбірленушіні қасақана ұялы телефонымен соғып, тістеп алған. Салдарынан Әйтенов жарақаттанып қалған. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптама қорытындысымен және іс материалдарымен дәлелденді.

Сотта Әтешованы қорғаушы тарап оқиға мен қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды сұрады.

Жасалған теріс қылықтың мән-жайларын және оның ауырлығын ескере отырып, сондай-ақ сотталушының жеке кәсіпкер болып табылатынын, оның асырауында 3 жас баласының бар екенін және жазаның өзге түрін тағайындау оның балаларының өмірі мен тәрбиесіне әсер етуі мүмкін екенін ескере отырып, сотталушыға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындалды – делінген Астана қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының баспасөз парағында.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Шымкент қаласының экс-әкімі Мұрат Айтеновтың ағасы Марат Әйтенов бұрыңғы әйелі Дана Әтешованы ұрып-соқты деп айыпталған еді. Биыл 12 шілдеде олардың арасында жанжал болған. Әтешова мен оның балаларын тұрып жатқан үйлерінен мәжбүрлеп көшіру барысында Марат Әйтенов келіншекке күш көрсеткен. Бұл оқиғаның бейнежазбасын Дана Әтешова әлеуметтік желіге жариялаған болатын. Ондағы жұртшылыққа теріс әсер ететін және жеке адамның құқықтарына қол сұғатын іс-әрекеті үшін Әйтенов әкімшілік соттың шешімімен 5 тәулікке қамалған еді.

Бұған дейін Әйтенов "қолымды қайырып, ұрды деп" Дана Әтешова сотта көз жасын әрең тоқтатқанын жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы