Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Іргетасы 1824 жылы қаланған Көкшетау қаласына биыл 195 жыл. Соңғы жылдары курортты аймақта ілкімді істер атқарылды. Көпшілік өңірдегі оң өзгерістерді қаланы төрт жылдан аса уақыт басқарған Ермек Маржықпаевтың есімімен байланыстырады.
Көкшетауда Ермек Маржықпаевтың тұсында орын алған оң өзгерістердің ең маңыздыларына тоқталсақ.Киелі өңірдің екі тізгін, бір шылбырын қолға алған азамат Көкшетауды өзге қырынан танытты. Ең бастысы, шаһардың иесі бар, қамқорлық көріп отырғаны анық байқалды.
Қала басшысы ең алдымен ойдым-ойдым жолдарды жөндеуден бастады тірлікті. Нәтиже сырт көзге де көрініп тұрды. Ондаған көп қабатты үйлер бой көтерді, жүздеген отбасы жаңа пәтерлерге ие болды.
Ал, ерекше атап айтар, серпінді жаңалық – қала іргесіндегі Қопа көлін тазалау қолға алынды, көлді жағалай орналасқан ескі үйлер сүріліп тасталып, олардың орнына көлді айнала жол салу, үйлер салу басталып кетті. Бұл – қала тұрғындарының көптен күткен үмітті жаңалықтары болатын. Ол ірі жоба одан әрі жалғасатынына сенім мол.
Тұрғындар қазір іргедегі көлдің тазаланып, оның жағасында демалысқа қолайлы нысандар салынып, жаяу жүргіншілер, велосипедшілер, автомобильдер жолдары салынып, яхт клубтар ашылып, жағажайлардың орын теберіне әбден сенеді. Оған өткен жылы ашылған екі жағажай куәлік еткендей. Олардың жұмыстары жетіліп, жандана түспек.
Қала қасындағы Бұқпа тауының басынан екі бірдей тамашалау орны ашылып, тұрғындардың жоғарыдан қала мен көлді тамашалайтын сүйікті нысанына айналды.
Соңғы екі жыл ішіне Көкшетауда 60-қа жуық көше ұлттық атауға ие болды.
Облыс орталығында 900 орындық ІТ мектебі, жаңа мешіт, неке сарайы, бірнеше балабақша бой көтерді.
Қала басшысының қадағалап, екпінді жүргізген жұмыстарының бірі – скверлер ашу. Қаланың әр пұшпағында тұрғындар дем алып, сейілдер мұндай орындар бұрын жоқтың қасы еді.
Келесі бір оның тұрғындарды қуантқан ірі жобасы – көпқабатты үй аулаларынан ойын және спорт алаңдарын салу болды.
Тұрғын үй аулаларында спорт алаңдарының көбеюі Маржықпаевтың тұсындағы жаңалық. Воркаут алаңдары аз уақыт ішінде жастардың қызығушылығын тудырып, оларды таза ауада спортпен шұғылдануға ынталандыра түсті. Сонымен қатар, бірнеше минифутбол залдары ашылып, пайдалануға берілді.
Әкім шағын және орта бизнесті бастаушыларға қолайлы жағдай туғызып, қолдап отырды. Ірі кәсіпорындардың қомақты табыс тауып, қала қорына көлемді салық төлеуіне мүмкіндік мол болды. Жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып, тұрғындардың әл-ауқаты жақсара түсті.
Халықтың әл-ауқатын арттыру, қала экономикасын көтеруде тынымсыз, нәтижелі жұмыс істеген Ермек Маржықпаев өз мінез-құлқы, ұстанымдарымен де қала жастарына үлгі бола алды. Оның бокстан спорт шебері екендігін бұрын білмегендер әлеуметтік желіден атақты боксшы Руслан Мусинмен жекпе-жек өткізіп жатқанын көріп, таң қалысып, спортпен шұғылданып, сондай болуға тырысты. Оны көпшілік жыл сайынғы «Көкшетау» және «Степной маяк» газеттерінің жүлдесі үшін өтетін эстафетада жүгіру үстінде де көріп, тәнті болатын.
Сөзі мен ісі бір жерден шыққан, ісі өнікті басшыға қала тұрғындарының алғысы шексіз, бүгінде Ақмола облысының әкімі қызметіне тағайындалған Ермек Маржықпаевтың алда да көркем Көкшенің дамуын назарда ұстайтынына сенім мол.