Экотуризм Қазақстан экономикасының локомотивіне айнала алады – Азаматхан Әміртаев

Партия төрағасының айтуынша, экотуризм тек қымбат қонақүйлер мен жоғары деңгейдегі сервисті қажет ететін бағыт емес.

 Скриншот 19 Тамыз 2026, 23:55
19 Тамыз 2026, 23:55
164
Фото: Скриншот

«Baytaq» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев «24KZ» телеарнасындағы финалдық дебат барысында көрерменнің туризмді дамытуға қатысты сұрағына жауап берді.

Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағайдан байланысқа шыққан Нұрбекұлы Әлтайыр туризм саласында жұмыс істейтінін айтып, экологиялық туризмді немесе санаторийлік-курорттық бағытты дамытуға басымдық беру керек пе деген сауал қойды. Сондай-ақ ол туризм саласында жаңа жұмыс орындарын ашу үшін қандай шаралар қажет екенін сұрады.

«Экотуризм біздің экономикамыздың локомотиві бола алады. Мынадай кең-байтақ, сұлу табиғатымызды көреміз деп әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам келеді. Біз соларға маршрут бере алмай отырмыз, сол маршруттардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмай отырмыз. Сондықтан бізге бүгін экотуризмді дамыту керек. Біздегі "Қазақ туризм" экотуризмді негізгі бағыт ретінде алуы керек», – деді Азаматхан Әміртаев.

Партия төрағасының айтуынша, экотуризм тек қымбат қонақүйлер мен жоғары деңгейдегі сервисті қажет ететін бағыт емес.

«Мысалы, Аралды миллиондаған адам келіп көргісі келеді. Аралда құрғап қалған кемелер тұр. Соларды көргісі келеді. Оларға тек маршрут пен жататын орын керек. Оларға VIP қонақүй міндетті емес. Яғни біз кішігірім қаражатпен экотуризмді елімізде дамыта аламыз», – деді ол.

Әміртаевтың айтуынша, экотуризмді дамыту ел экономикасына айтарлықтай кіріс әкелуі мүмкін.

«Ол ертең бізге миллиард долларға дейін қаражат кіріс әкеле алады. Әр келген турист 500-1000 доллардан қалдыратын болады. Бұл экономикалық жағынан біздің елімізге өте тиімді. Бұл мәселені біз соңғы бес жыл бойы көтеріп жүрміз», – деді «Baytaq» партиясының төрағасы.

Сонымен қатар ол санаторийлік-курорттық туризмді де дамыту қажет екенін атап өтті.

«Әрине, санаторийлерді де дамытуымыз керек. Бірақ ол көп қаражатты қажет ететін туризмнің бір түрі», – деді Азаматхан Әміртаев.

Наверх