Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда алғашқы республикалық Экологиялық сағат өткізілді. Ол барлық жалпы білім беретін мектептерде 3 миллионнан астам оқушылардың қатысуымен өтті.
Астанада экосағатқа Сауда және интеграция министрлігінің жауапты хатшысы Жәнібек Нөпіров қатысты. Ол Нұр-Сұлтанның 49-мектебінің оқушыларымен кездесті.
"Табиғатымызды сақтау үшін бәріміз күш-жігер салуымыз қажет. Мұндағы ең маңыздысы - планетаның ресурстарын тұтынуды азайту. Бүгінгі таңда бүкіл әлемдегідей біздің ел де ресурстарды тиімді пайдалануға көшуде және жел, су мен күн энергиясын қолдана бастады. Үйде жабылмай қалған шүмек, аулада, көшелерде, саябақтар мен гүлзарларда тастап кеткен пластикалы бөтелкелер мен пакеттер, кіреберістегі сынған әйнектер мен қоғамдық орындардағы ашық қалған есіктер – осындай экологиялық жауапсыздық қосымша жылуды талап етеді, энергия мен су шығынын тудырады, көбірек көмір жағуға мәжбүр етеді, энергия мен суды көп тұтынуды талап етеді" – деді ол.
Сонымен қатар, Жәнібек Нөпіров кездесу барысында оқушылар үшін танымдық әңгіме өткізді.
"Ал сендер бір аяқ киімді дайындау үшін 8 000 литр, бір мақта-мата футболканы шығаруға - 4000 литрден артық су кететінін білесіңдер ме? Біз бен сіздер болып заттарды ұзағырақ пайдаланып, оған қаншалықты жанашырлықпен қарасақ, табиғатқа және жалпы судың шығынына соншалықты аз әсер етер едік" - деді жауапты хатшы.
Жауапты хатшы қазіргі уақытта халықтың санына қарағанда, суға сұраныстың 2 есе өскенін атап өтті. Оқушыларды ауыз суды үнемдеп тұтынуға шақырды.
Эко-сағат кезінде қатты тұрмыстық қалдық тақырыбы да көтерілді. Ғалымдардың есептері бойынша 2100 жылға қарай жыл сйын 12 млн тонна қоқыс шығарылатын болады. Тастаған пластикалы бөтелкенің экологияға тигізетін зиянына ерекше назар аударылды.
"Қайта өңдеуге болатын нәрсені лақтыруға болмайтынын түсінетін уақыт жетті. Қалдықтарды сұрыптаңдар, кимейтін киімдер мен аяқ киімді мұқтаждарға беріңдер!", - деді ол оқушыларға.
Өзіміз тұратын жерді жалпы көгалдандыруға қатысу әркінің қолынан келеді, бұл табиғатты сақтауға қосқан үлесің болады. Ж. Нөпіров оқушыларға «ағаш – планетаның жасыл өкпесі» екенін естеріне салды.
"Бір ағаш 2 литр оттегін өңдей алады, бұл бір адамға үш күнге жетеді. Бәріңізге мәлім, бір отырғызған тал 1000 кг парниктік шығарындыларын өтейді. Планетаның әр тұрғыны өзінің тіршілік ету жайлылығы үшін жылына 14-тен астам ағаш отырғызуға тиіс" - деді Сауда министрлігінің өкілі.
Эко-сағат шеңберінде ағаш отырғызу және «МЕН-МЕМЛЕКЕТ-ПЛАНЕТА» аллеясын ашу рәсімі өтті.