Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қосшы қаласының қазіргі жағдайы туралы GSB UIB Бизнесті талдау орталығының сарапшысы, экономист Мақсат Халық өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, Қосшының қала болуға әбден құқығы бар, тек әлеуметтік мәселелерді бір ізге түсіру керек.
Меніңше, ол халық санына байланысты. Бұл қандай да бір елді мекеннің қала сипатына өтуінің бірінші критерийі десек болады. Осы тұрғыдан келгенде Қосшыдағы тұрғындар саны 50 мыңнан асады. Ал бейресми мәліметтерде 80 мыңның үстінде деп айтылып жүр. Демек ол жаққа үнемі адамдар ағылады. Сондықтан Қосшының қала болуға әбден құқығы бар, - деп атап өтті экономист.
Ол қаладағы жергілікті әкімдіктердің атқаратын қыруар жұмыстары бар екенін атап өтті. Сөзінше, басқарушы орган азаматтары тиісті жоспарлар құрып, қалаға инвестициялар тартуы қажет.
Қала болғаннан кейін оның инфрақұрылымы дұрыс болуы керек. Халықтың жан-жақты мүмкіндігі артатын орта қалыптасуы тиіс. Қарапайым жылу мен су, сондай-ақ жол қатынастары толықтай қала сипатына сай өзгертілуі керек. Қосшыны үлкен өзгерістер күтіп тұр. Сол себепті мәселелерді қарай отырып, инвестиция тарту керектігі де айқын көрінеді. Әрине, қала мәртебесі берілгеннен кейін қаражат та бөлінеді. Онымен қоса қалаға жаңа компаниялар өз құрылыстарын сала бастайды. Жергілікті азаматтар бірқатар өзгеріске дайын болуы шарт, - деді ол.
Оның пікірінше, өзекті мәселелердің көбі Қосшыдағы жауапсыз мердігерлерден келіп отыр. Алтын орда, Даймонд парк тұрғын үй кешендерінің иелері бір. Ал сол үйлерде суы мен жарығынан бастап проблема жетіп артылады. Халықтың шағымы өте көп. Ол егер сыбайластықтың алдын алмаса, бұндай жүгенсіздіктің жалғаса беретінін айтты.
Әрине, халық көбейіп, сұраныс болып жатқан кезде осындай проблемалар көптеп кездеседі. Сонымен қатар сол жерге көшіп келіп жатқан тұрғындарда ақша беріп, қызмет алуға ынталы болады. Себебі жергілікті билік халыққа қызмет көрсетіп үлгермей жатады. Ал сапалы қызметті дер кезінде алғысы келген тұрғындар жеке келісімге келуге тырысады. Уақыт өте келе мұндай жүйе қалыптасып кетуі мүмкін. Сондықтан оның алдын алып, тамырына балта шабу керек. Бұл мәселемен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік күреседі. Дегенмен бөлінген қаржы мен оның іске асуын қадағалап отыратын цифрлық жүйенің келгені дұрыс деп ойлаймын, - дейді Мақсат Халық.
Сөз соңында Қосшыдағы проблемалардың алдын алу үшін механизм ұсынды. Оның сөзінше, қала тұрғындарының саны белгілі бір мөлшерден аспауы керек, сонда ғана жарық, су сияқты әлеуметтік мәселелер өз шешімін табады.
Басты күшті елорданың дамуына ғана бағыттаған дұрыс емес. Қасынан Қосшы секілді кішкене қалалардың да пайда болғаны дұрыс. Неге десеңіздер, шетелдік тәжірибеге қарасақ, үлкен қалалардың төңірегінде кіші қалалар да бой көтерген. Бірақ олардың халық саны шектеулі. Мәселен, Қосшы тұрғындарының саны 80 мыңға жетті десек, соның негізінде жергілікті әкімдік жоспар құруы тиіс. Олар 100 мың немесе 150 мыңнан асырмау керекпіз деген талап қоюы қажет. Егер көшіп келушілер саны көбейе берсе, проблема арта түседі. Себебі, сырттан келгендердің арасында заңсыз келушілер де бар. Қосшы шағын қала болып, соған күш жұмылдырылса, бұл мәселелер уақытша және шешімін табады деп есептеймін, - деді сарапшы.