Экономист: Дағдарыс - бір жағынан мүмкіндік

30 Наурыз 2022, 14:28
2610
Бөлісу:
Экономист: Дағдарыс - бір жағынан мүмкіндік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Желмая» жобасына сұхбат берген Экономикалық саясат институтының президенті Қайырбек Арыстанбеков айтты.  

Сондай-ақ институт президенті көпшілік арасында таралған «бүкіл әлемге дағдарыс келе жатыр» деген ақпарат пен «дағдарыс» сөзінің түпкі мағынасына тоқталып өтті. 

Қытай иероглифінде, былайша айтқанда, қарпінде «дағдарыс» сөзі екі мағына береді екен. Біріншісі – дағдарыс, екіншісі – мүмкіндік, жолдар деген ұғым, - деді Қайырбек Арыстанбеков. 

Ол дағдарысты күтіп, одан қорғанудың іс-шаралар жоспарын жасау уақытша ғана көмектесуі мүмкін деп отыр. Стратегиялық тұрғыда ұзақ мерзім үшін мұндай шаралар тиімсіз екендігін айтты.    

Егер менің құзыретім болса, екі топ құратын едім. Біреуі Үкіметтің құзыретіндегі топ. Екіншісі – Ұлттық реттеуіш. Бір топ орын алып жатқан келеңсіз үдерістерге қарсы іс-шаралар кешенін жасаумен айналысса, екіншісі геосаяси, гео-экономикалық дағдарыстан қол жеткізетін мүмкіндіктер жұмыс тобын құру керек еді, - деді ол. 

Сондай-ақ сарапшы негізгі деп санайтын екі проблеманы атады. 

Біздің зерттеуіміз бойынша Қазақстанда төлем теңгерімінде соңғы 30 жылда 4 валюталық жыртық пайда болған екен. Былайша айтқанда, соны біз «тіге» алмай жүрміз. Есімде, ауылда әжелеріміз көрпе жыртылғанда 3 күнде жамап тігіп қоятын. Ал біздің Үкімет пен Ұлттық банк осы валюталық жыртықты 30 жыл бойы жамай алмай келеді. Бұл жерде күштен бұрын білім керек. Тактикалық, стратегиялық тұрғыдан қисындастыра білетін менеджерлер жоқтың қасы. Соны ойластырып, олардың айтқанын бұлжытпай орындайтын команда жоқ. Бұл – бірінші проблема, - деп атап өтті экономист. 

Сонымен қатар ол екінші проблемаға тоқталды.

Ғылым саласында «энтропия» деген сөз бар. Ол – бір қоғамда, мемлекетте тәртіпсіздіктің пайда болуы. Бізде сондай энтропия көбейіп кетті. Егер біз осы энтропияны қолға алмай, шешпесек, бұл проблемаларды арқалап жүре береміз. Сондықтан оны шешу үшін мемлекеттік деңгейде іс-шараларды қолға алу керек деп ойлаймын, - деп ағынан жарылды сарапшы. 

Өзгелердің жаңалығы