Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкіметтің онлайн отырысында жеті экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлердегі жалпы жағдайға тоқталып, экономиканы ынталандыру шаралары жайлы айтты.
Оның айтуынша, алты көрсеткіш бойынша Алматы облысы және бес көрсеткіш бойынша алты өңір оң өсім көрсетті. Олар - Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы.Сегіз өңірде төрт көрсеткіш бойынша өсу тіркелді. Бұл - орташа деңгей. Екі өңірде 2-3 көрсеткіш бойынша оң өсу байқалады.
Бұл ретте, сауда бойынша оң аймаққа Алматы облысы, көлік бойынша Атырау облысы енді. Жеке инвестицияларды тарту бойынша 12 өңірде оң өсу байқалады, оның ішінде 6 өңірде өсу 20% жоғары.
Батыс Қазақстан, Атырау, Павлодар, Қызылорда және Маңғыстау облыстарына инвестицияларды тарту бойынша жұмысты жандандыру қажет. Аталған өңірлерде жеке инвестициялардың төмендеуі байқалуда, - деді ол.
Оның айтуынша, қойылған міндеттерді іске асыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдарға экономикалық өсуді ынталандырудың мынадай шараларына назар аудару ұсынылып отыр.
Инфрақұрылымды одан әрі дамыту аясында «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары, «Ауыл – Ел Бесігі» жобасы шеңберінде белсенді құрылыс жұмыстарының маусымын жедел іске қосу қажет. Екіншіден, іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін қаржыландыру мен сұраныс нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз ету, шағын және орта бизнеске ауыртпалықты төмендету арқылы тікелей әрекет ететін шұғыл шараларды тиімді орындау қажет. Аталған шаралар ағымдағы жылғы 4 наурызда Экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында қабылданды, - деді ол.