Экономиканың 29 секторындағы ШОБ нысандары салықтық жеңілдікке ие болды – министр

8 Маусым 2020, 11:47
1588
Бөлісу:
Экономиканың 29 секторындағы ШОБ нысандары салықтық жеңілдікке ие болды – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Карантиндік шектеулер кезінде зардап шеккен кәсіпорындарды кешенді қолдау шаралары миллионнан аса ШОБ субъектілерін қамтиды. Халыққа есеп беру кездесуі кезінде ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов салықтық жеңілдіктердің тек өзі ғана экономиканың 29 секторындағы ШОБ кәсіпорнын  қамтитынын айтты. 

ШОБ-ты дамыту - экономиканы әртараптандырудың, жұмыспен қамтудың, макроэкономикалық тұрақтылықтың, сондай-ақ халыққа арналған қызметтер мен тауарларды өндірудің басты факторы. Өздеріңізге белгілі, қазіргі кезеңдегі карантиндік шектеу шаралары ШОБ-қа, әсіресе, шағын бизнеске тікелей ықпал етті. Сондықтан, ШОБ-ты қолдау үшін салықтық ынталандыру жасалып, несие беру көлемі ұлғайтылуда. Бизнес жүргізу шарттарын одан әрі жеңілдету шарасы қабылданып жатыр, - деп атап өтті министр. 
Министр атап өткендей, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін жер салығының мөлшерлемесі жыл соңына дейін жойылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өткізу және импорттаудағы ҚҚС 2020 жылғы 1 қазанға дейін 12%-дан 8%-ға дейін азайтылды. 
Экономиканың аса зардап шеккен салалары бойынша 2020 жылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен әлеуметтік төлемдер бойынша салық мөлшерлемесі алынып тасталды. Бұл  жалақыдан ұсталатын жеке табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, әлеуметтік салық және әлеуметтік төлем, міндетті медициналық сақтандыру жарнасы алынбайды деген сөз, - деді ол.  

Руслан Дәленов  жеңілдіктер шағын және орта бизнестің 29 түрін қамтитынын айтты. 

Бұл - мемлекет басшысының өткен жылы микро және шағын бизнесті үш жылға (2020-2022 жылдар бойынша) кіріс салығынан босату туралы бастамасын жүзеге асырудың маңызды қолдауы. Нәтижесінде, 1 млн-нан астам микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері 3 жыл ішінде салықтан 382 млрд теңге үнемдейді, - деп атап өтті Дәленов.

Өзгелердің жаңалығы