Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Экономика, қымбатшылық және жұмыс: Бектенов үкіметінің мақсаты қандай?

Олжас АДАЙ
15 Шілде 2025, 17:30
2129
Бөлісу:
 BAQ.KZ
Фото: BAQ.KZ

Премьер-министр Олжас Бектенов алғаш рет Үкімет отырысынан кейін 3 сағат бойы журналистердің сауалына жауап беріп, экономикалық өсім, инфляция, әлеуметтік саясат жөнінде мәселелерді көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкімет отырысынан кейін өткен брифингке 50-ге жуық бұқаралық ақпарат құралы қатысты. Бұл – Премьер-министрдің журналистер алдына ашық форматта алғаш рет шығуы.

Экономика, қымбатшылық және жұмыс: Бектенов үкіметінің мақсаты қандай?

Экономикалық өсім: 6 айда 6,2%

2025 жылдың қаңтар-маусым айларында ЖІӨ өсімі 6,2%-ға жетті. Бұл – құрылыс, сауда, өнеркәсіп және байланыс салаларындағы серпінді дамудың нәтижесі.

Премьер-министр Президенттің экономиканы әртараптандыру және тұрақты өсу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Үкімет кешенді шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

Суперкомпьютер кластері сияқты бастамалар цифрландыруды жеделдетіп, экономикалық процестерді ашық әрі тиімді етеді, - дейді ол.

Экономика, қымбатшылық және жұмыс: Бектенов үкіметінің мақсаты қандай?

Инвестиция, инфрақұрылым және транзит

Үкімет алдағы жылдары:

  • 3 мың шақырым автожолды күрделі жөндейді,
  • теміржол жобаларын іске қосады,
  • халықаралық авиахабтар құруды жеделдетеді.

Бектеновтің айтуынша, бұл 2028 жылға қарай әуе жүк тасымалын, ал 2027 жылға қарай теміржол транзитін 2 есеге арттырады.

450 млрд долларлық мақсат

Премьер-министр ЖІӨ-ні 2029 жылға қарай $450 млрд-қа жеткізу – биік, бірақ қол жететін мақсат екенін айтты.

Қазіргі таңда ЖІӨ $300 млрд-қа жуық, "Бәйтерек" желісі бойынша 8 трлн теңге инвестиция тарту жоспары бар. Сонымен қатар 190 өндірістік жоба іске қосылады.

Жаңа өндіріс, жаңа жұмыс

Қазақстанда 190 жаңа кәсіпорын іске қосылмақ. Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта 100 мыңнан астам бос жұмыс орны бар.

Қазақстанда жұмыс істеймін деген адамға жұмыс табылады, – деді Бектенов.

Экономика, қымбатшылық және жұмыс: Бектенов үкіметінің мақсаты қандай?

Әлеуметтік қолдау – кімге беріледі?

Бектенов әлеуметтік әділет қағидатын қайта қарап жатқанын айтты.

Алтыншы санаттағы, яғни табысы жоғары отбасылар әлеуметтік көмектен алынады. Көмек тек шынымен мұқтаж жандарға берілуі керек, - деді ол.

Бюджет: әлеуметтік шығын – 50%-дан көп

2025 жылдың бірінші жартысында:

  • 4,3 трлн теңге әлеуметтік блокқа,
  • 3,2 трлн теңге зейнетақы мен жәрдемақыға,
  • 2,9 трлн теңге субвенцияларға жұмсалды.
Экономика, қымбатшылық және жұмыс: Бектенов үкіметінің мақсаты қандай?

Инфляция мен тариф: тепе-теңдікті сақтау

Инфляция 11,8%-ға жетті. Үкімет оны 10%-ға дейін төмендетуді көздеп отыр. Бектенов инфляция мен экономикалық өсімнің қатар жүретінін айтты.

Ең бастысы – табыс өсімі инфляциядан жоғары болуы тиіс, - дейді ол.

Газдандыру: жаңа кезең

  • Ақмола мен СҚО газданады.
  • «Сарыарқа» жобасы жалғасады.
  • «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі салынады.

Цифрлық теңге және бюджет ашықтығы

Бюджет қаржысын мақсатсыз жұмсау мәселесі цифрлық теңге арқылы шешіледі.

Цифрлық теңге жүйесі – бюджет ақшасын нақты нысанға жұмсаудың тиімді құралы, – деді Бектенов.

16 миллион дерек тарап кетті - Бектеновтың жауабы қандай?

  • 2022 жылы 16 млн адамның дерегі тарап кеткен.
  • Бұл негізінен медицина ұйымдары тарапынан кеткен.
  • Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.

Салық және баспана бағасы

ҚҚС 2026 жылдан бастап 16%-ға көтеріледі. Бұл тұрғын үй бағасына әсер ете ме?

Біз нарықты зерттедік. Құрылысшылар ҚҚС-ты есепке алмастан, артық пайда тауып келген. Баға күрт өспейді, – деді Бектенов.

Трамп тарифінің Қазақстанға әсері аз

2025 жылғы 1 тамыздан бастап АҚШ Қазақстан экспортына 25% баж салығын енгізеді. Бірақ Бектеновтің айтуынша, бұл ел экспортына айтарлықтай әсер етпейді.

Экспорттың 95%-ы жаңа ережеге жатпайды. Ауқымды кері әсер күтілмейді, – деді ол.

Көкжайлауда – жаңа курорт

Биыл Көкжайлау шатқалында тау шаңғысы курортының құрылысы басталады. Бұл – Алматы кластерін кеңейту жобасының бір бөлігі.

Жоба ашық жүзеге асырылады. Экология талаптары қатаң сақталады, – деді Премьер-министр.

Активтерді қайтару жұмыстары қалай жүріп жатыр?

  • 900 млрд теңгеге келісім жасалды.
  • Фамилиялар жарияланбайды – бұл заң талабы.
  • Қайтарылған қаражат әлеуметтік салаға жұмсалады.

Перизат Қайрат ісі заңнамалық өзгерістерге апаруы мүмкін

Премьер-министр бұл істің резонансты екенін мойындап, қайырымдылық қаржысын мақсатсыз жұмсау мәселесі заңнамалық деңгейде реттелуі мүмкін екенін айтты.

"Неге ешкімді сынамайсыз?" – БАҚ сауалына жауап

Бектенов ашуға баспай, орынды сын айтылуы керегін айтады.

Сын болуы тиіс, бірақ орны мен уақыты маңызды. Егер басшы жұмысын атқара алмаса – онда ол басшы бола алмайды, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы