Атырау қаласында ауа сапасы нашарлаған. Атмосферадағы күкіртсутегінің мөлшері бірнеше есеге өсіпті. Осыған байланысты экологтар ірі кәсіпорындарға жоспардан тыс тексеріс ашпақшы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биыл 17-18 наурыз күндері №17 ластаушы бақылау бекеті мен №117 атмосфералық ауа сапасын бақылаушы станциаларында күкіртсутегінің нормадан 4 есеге дейін асқандығы анықталған. Оны "Қазгидромет" РМК Атырау облысы бойынша филиалының жауаптылары растады. Желдің бағыты бойынша қаланың солтүстік өндірістік аймағында "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамы Атырау мұнай құбырлары басқармасы, "КТК" АҚ, "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" АҚ және "West Dala" ЖШС сынды компаниялар орналасқанын айтады.
Қаладағы жағымсыз иіске байланысты Облыстық экология департаменті, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, "Қазгидромет" РМК бірлесіп, шаhардың селитебтік аумақтарында ауа сапасына мониторинг жүргізді. Атап айтқанда, "Квадрат" булану алаңынан, "КазТрансОйл" АҚ санитарлық қорғау аймағынан тыс жерден, "АМӨЗ" СҚА тыс жерден атмосфералық ауадан күкіртсутек , көмірсутектер, бензол ластаушы ингредиенттеріне сынама алынып, "Квадрат" булану алаңынан ластаушылардың шекті шоғырланудан асуы анықталды. Департамент ірі кәсіпорындарға экологиялық заңнама талаптарының сақталуына жоспардан тыс тексеріс тағайындау бойынша жұмыстар жүргізуде, - дейді Облыстық экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов.
Айта кетсек, жауаптылар соңғы 2 күнде "АМӨЗ" ЖШС тиесілі станциясынан, сондай-ақ Шағала, Перетаска, Восток, Жилгородок, Загародная сынды станциялардан да 10 есеге дейін зиянды шығындылардың асқандығын анықтаған.