Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Барлық экологияны ластаушы ірі кәсіпорындар жаңа Экологиялық кодекстің нормаларына сәйкес өндірістік экологиялық мониторингтің автоматтандырылған жүйесімен жарақтандырылатын болады. Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Алматы тұрғындарымен кездесу барысында мәлім етті.
Оның айтуынша, Air quality index (ауа сапасының индексі) көрсетілетін жүйеден алынған деректер тікелей уәкілетті органға келіп түсетін болады.
Ластанудың себептері мен ауа сапасы туралы жедел ақпарат алу үшін Экологиялық кодекске мониторингтің автоматтандырылған жүйесі бойынша норма енгізілген. Яғни, барлық ірі кәсіпорындар тиісті технологиялармен жабдықталуы керек. Бұл мәліметтер ашық және қолжетімді болады, - деп атап өтті министр.
«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев та осы бастаманы қолдайтынын жеткізді.
Қазақстанда Air quality index қолдану қажет. Бұл мәселеде мақсатты тұрақты даму әдістемесін қолдануға болады және ауа сапасының индексі бекітілген стандарттардан асатын күндер санын анықтауға болады. Бұл жерде халықаралық тәжірибені де зерделеу маңызды. Ауа сапасының жай-күйі туралы ақпарат халыққа ғылыми емес, түсінікті тілде берілуі тиіс, - деп атап өтті сарапшы.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда қала тұрғындарына жаңа Экологиялық кодекстің нормаларын түсіндіру бойынша жұмыс кездесуі өтті. Кездесуге қоғамдық бірлестік, әкімдік және БАҚ өкілдері, экобелсенділер, кәсіпкерлер қатысты. Қаладағы ауа сапасы және экологияның басқа да мәселелері алғаш рет ашық форматта талқыланды.