Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Экологиялық білім: қазақстандық қоғамда экологиялық білім беру, экологиялық мәдениетті тәрбиелеу және қалыптастыру" тақырыбында өткен онлайн дөңгелек үстел отырысында қоғам қайраткері Арман Хайруллин 2021 жылды Экология жылы етіп жариялауға ұсыныс тастады.
Атырауда бүгін экологиялық апокалипсис жағдайы орын алып отыр. 90-шы жылдардан бүгінге дейін ауа бассейніне 4 млн тонна уытты зияндылар шығарылған екен. Осының барлығы біздің денсаулығымызға зиян келтіріп отыр. Шақалақтардың шетінеуі және де түрлі потологиялар бойынша алда келе жатырмыз. Менің ұсынысым біздің экология министрлігін құрып берген президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылды 2021 жылды Экология жылы деп жарияласа екен. 20 жылда бірде-бір экология жылы жарияланған емес. Қазақстандықтарды осы ұсынысымды қолдауға шақырамын, - деді ол.
Арман Хайруллин атап өткендей, жергілікті жерлерде атқарушы органдармен бірігіп көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Бүгінгі жиынға қатысушы министр ханым, сіздің де тарапыңыздан бұл ғана емес, басқа да көтеріп жүрген мәселелерімізді қолдауға, қоян-қолтық жұмыс істеуге қатыссаңыз деген тілегіміз бар. Тікелей интерактивті байланыс орнатайық. Экология министрлігі де сенбіліктерді ұйымдастырудан бөлек, келелі үлкен мәселелермен жүйелі түрде айналысуы керек. Ұлттың денсаулығы үшін қауіпті тақырыптармен жүйелі түрде айналысу керек, - деді ол.
Ол атап өткендей, үлкен өндіріс орындарындағы фильтр жүйелерінің жаңа технологиялық үрдістерге көшу тақырыбын әлі де қарастыру керек.
Біздің өсіміміз өзбек ұлтынан осы экологияның кесірінен 3 есеге аз болып отыр. Экология жылы жарияланса, біраз оң шешімдер қабылданады деп ойлаймын, - деді ол.