Экология министрлігі: Қытай суды бөлу туралы келіссөзді тек Қазақстанмен жүргізуде

7 Сәуір 2021, 15:09
3909
Бөлісу:
Экология министрлігі: Қытай суды бөлу туралы келіссөзді тек Қазақстанмен жүргізуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қытай Халық Республикасы су бөлу жөніндегі келіссөздерді тек Қазақстан Республикасымен жүргізеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов айтты.

Айта кетейік, вице-министр академик Мәлік Бөрлібаевтың БАҚ-та жарияланған сұхбатына түсініктеме берді. Ол сұхбатта академик ҚХР Қазақстанмен су бөлу мәселелерінде ынтымақтаспайды деп айтқан болатын.

Мәлік Бөрлібаев өз сұхбатында Бірлескен комиссия басшылығы беделді сарапшылардың пікіріне құлақ аспайды деп неге айтып отырғаны түсініксіз. Қытай өз тарихында осы күнге дейін трансшекаралық су объектілері бар 18 елдің ешқайсысымен су бөлу жөнінде бірде-бір халықаралық шарт жасасқан жоқ. Алайда, Қытай су бөлу жөніндегі келіссөздерді тек біздің елмен жүргізетініне назар аударамын, - деп атап өтті вице-министр.

Ол сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтардың арқасында 2013 жылғы қыркүйекте ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында 2015 жылдан бастап трансшекаралық өзендер суын бөлу туралы келісім жобасын әзірлеу мен келісуді бастау туралы шешім қабылданғанын ерекше атап өтті.

Бұл жұмыс трансшекаралық өзендерді пайдалану және қорғау жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен комиссиясының шеңберінде жүргізілуде. Бірлескен комиссияның 17 отырысы өткізілді. Пандемияға байланысты күрделі эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, су бөлу жөніндегі келісім жобасын келісу бойынша жұмыс жалғасуда. Айта кету керек, Келісім жобасы бойынша жұмыс күрделі және ғылыми зерттеулер жүргізуді талап етеді, - деді Серік Қожаниязов.

Оның мәліметінше, құжат бойынша жұмыстарға жоғары білікті су мамандары жұмыс істейтін еліміздің беделді ғылыми-зерттеу институттарының бірі – География және су қауіпсіздігі институты қатысады. Жұмысқа тартылған сарапшылардың ішінде ҚазССР су шаруашылығының экс-министрі және 1991-1995 жылдары Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік комитеттің бірінші төрағасы Нариман Қыпшақбаев, 2002-2009 жылдары ҚР Су ресурстары комитетінің орынбасары болған Әмірхан Кеншімов, Су шаруашылығы саласында 40 жылдық еңбек өтілі бар ғалым Александр Калашников, География және су қауіпсіздігі институты директорының орынбасары Саят Әлімқұловтар бар.

Құжат бойынша жұмыстарға қатысқан сарапшылардың жоғары біліктілігі белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Осылайша, келісім жобасы мәтінінің 25%-ы келісілді, - деді спикер.

Сонымен қатар, ол Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық жылдарында Қорғас өзенінде бірлескен ортақ су торабын салу және Сүмбе өзеніндегі су тарату құрылысын қайта құру сияқты бірқатар бірлескен жобалар іске асырылғанын, бұл өз кезегінде осы өзендердің су ресурстарын 50-де 50 етіп бөлуді қамтамасыз ететіндігін айтты.

Үлкен Ұласты өзенінде бірлескен су тарату құрылысын салу жөнінде уағдаластық бар. Қазіргі уақытта тараптар осы өзеннің гидрологиялық режимін зерттеп жатыр. Біз су мәселелері бойынша екі ел арасындағы тату көршілік және тең құқықтық қатынастарды жалғастыратын боламыз, - деп түйіндеді Серік Қожаниязов.

Өзгелердің жаңалығы