Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды.
Сапар барысында ол «Өскемен ЖЭС» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне арнайы барды. Атап өтейік, Өскемен қаласы экология мәселелері ең өткір тұрған 5 өңірдің қатарына кіреді.Министр кәсіпорынның атмосфералық ауаны ластау деңгейін төмендету бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарымен танысты. Жылу электр орталығы 2014 жылдан бастап өндіріске ең озық қолжетімді технологияларды енгізген.
Нәтижесінде ауаға шығатын қатты бөлшектер 51,3%-ға, күкірт диоксиді 17%-ға төмендеген. 2003-2019 жылдар аралығында Өскемен ЖЭС-інің экологиялық шараларға бөлген қаржысы 7,6 млрд теңгеден асты.
Экология министрі ЖЭС-тің жұмыс технологиясын одан жасылдандыра түсу қажеттігін айтты.
Өскемен қаласында негізгі екі ластаушы кәсіпорын бар. Бірі - «Қазцинк» компаниясы, екіншісі жылу электр орталығы. Әсіресе қыста, желсіз ауа райында ластаушы заттың көп бөлігі ЖЭС-тан шығады. Шығарындылар 16 мың тоннаға дейін жетеді. Дегенмен жасыл технология бойынша үлкен жұмыс істелгені көрініп тұр. Шығарындылар көлемін тағы да азайта түсу мақсатында қосымша бағдарлама әзірлеу қажет. Қысқа уақыт ішінде халық оның нәтижесін сезінуі тиіс,- деді Экология министрі.
Әрі қарай экологиялық ахуалдың нашарлауын болдырмас үшін қолданыстағы қазандық агрегаттарын жаңартып, тазалау құрылғыларын толығымен ауыстыру жоспарын жасау қажет. Атап өтейік, кәсіпорынның өндіріс алаңында нөсер ағындыларын тазалау бойынша құрылғылар орнатылған. Ал 2016 жылдан бастап Үлбі өзеніне түсетін нөсер ағындылары тоқтатылды.
Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапары барысында «Казцинк», Үлбі металлургиялық зауыттарына, балық шаруашылығы мекемелеріне баруды жоспарлап отыр.