Экобелсенділер табиғат қорғау заңнамасының сақталмауына алаңдаулы

24 Мамыр 2021, 09:45
2133
Бөлісу:
Экобелсенділер табиғат қорғау заңнамасының сақталмауына алаңдаулы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Экологиялық заңнамалардың сақталуына жауапты лауазымды тұлғалар өздерінің қызметтік міндеттерін өз деңгейінде орындамай отыр.

Бұл туралы "Республикалық маңызы бар Қарақия-Қаракөл зоологиялық табиғи қаумалы Қаракөл сулы-батпақты көліндегі табиғат қорғау заңнамасын сақтау мәселелері" тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысушылар пікір білдірді.

Аталмыш іс-шараның өтуіне бастамашы болған Орта Азия Рамсар өңірлік бастамасы үйлестіруші комитетінің мүшесі, "Ecojer" қазақстандық экологиялық аймақтық бастамалар қауымдастығының Маңғыстау өңірлік экологиялық кеңесінің мүшесі, "Табиғи орта" Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік ассоциациясының төрағасы Әділбек Қозыбақов, Каракол көлінің проблемалары 2004 жылдан бастап қоғам белсенділері тарапынан жылдан-жылға көтеріліп келе жатқанын баса айтты.

Соңғы 17 жыл ішінде кем дегенде 100 сенбілік өткізілді, соның ішінде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-нің техникалық қолдауымен "Парктер шеруі» халықаралық экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстары жүргізілді. Өз кезегінде аталған кәсіпорын осы сулы-батпақты жерді пайдаланушысы болып табылады. Жыл сайын Дүниежүзілік сулы-батпақты жерлер күні (2 ақпан),  Биоалуантүрлілік күні (22 мамыр) немесе қоршаған ортаны қорғау күніне (5 маусым) орай дөңгелек үстелдер және басқа да іс-шаралар өткізіліп, онда экобелсенділер Қаракөлдегі проблемаларды айтып қана қоймай, ондағы түйіні тарқамаған мәселелерді шешу жолдарын да ұсынады, - деп атап өтті Әділбек Қозыбақов.

Оның айтуынша, жылдар бойы «Қаракөл көлі» ерекше қорғалатын табиғи аумағында экологиялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды тұлғаларды жауапқа тартатын кез келді.

Әділбек Қозыбақовтың сөзін Ақтау қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің экологиялық үйлестірушісі Бақытгүл Жақсылықова да қолдады.

Біздің оқу орны құрылған күннен бастап, атап айтқанда 2015 жылдан бері оқушылар Қаракөлде ұйымдастырылған түрлі іс-шараларға үнемі қатысып келеді. Бұл "Парктер шеруі" сенбіліктері, халықаралық қысқы құстар санағы, көл құстарына маусымдық бақылау жүргізу және "PASCO" портативті зертханасын қолдана отырып су, топырақ және ауа сынамаларын жүйелі түрде талдау шаралары. Көл жағалауының қаншалықты тез ластанып жатқанына таң қалып, сенбіліктерді де жиі өткіземіз. Біздің түйген ойымыз - жауапты органдар тарапынан нақты бақылау жоқтың қасы. Жасы үлкендер тарапынан осындай немқұрайлылық байқалады, ендеше үлгі болып бағыт-бағдар беруші біздер қалайша жас ұрпақтың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілікті оята аламыз?, - деп өзінің ойын ашық білдірді эколог педагог.

Эко белсенділердің сөздері презентация материалдарында көрсетілген «оқиға орнынан» фоторепортаж түрінде расталды. Фотосуретте алкоголь, пластикалық және шыны бөтелкелер, аң аулау мылтығымен пайдаланылған гильзалар (оқтар) табылды, қысқасы қорық режимін бұзушылардың заңсыз әрекеттері көзге ұрып тұр. Тіпті жағалаудағы учаскелердің бірінде тұрмыстық және құрылыс қалдықтары үйіліп жатыр.

Дөңгелек үстелге қатысушылар орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен Үстірт қорығының басшылары (олардың инспекторлары қорықтың аумағында тек таңертең 9-дан кешкі 18:00-ге дейін ғана патруль жасайды) қорық режимін бұзуға жол беріп отырғандығын алға тартып, өздерінің функционалдық міндеттерін орындамай отыр деген пікірде. Бұл мекеме басшыларының шақырылған жиналысқа келмеуі осының дәлелі болса керек, ал олардың орнына келген қатардағы қызметкерлерінің қатысқанымен көптеген сұрақтарға тұшымды жауап бере алмады. 

Сонымен қатар, егер бұл сулы-батпақты алқап «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнына қарасты болса, онда бұл мекеме периметрді қоршауға алып және күзет бекетін бейне жазбамен қамтамасыз етуге міндетті. Алайда бұл жұмыстар әлі күнге дейін қолға алынбаған. Айтпақшы, бұл отырысқа "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС өкілдері не офлайн, не онлайн қатысуға ниет білдірмеді.

Табиғат қорғау заңнамасының қатаң сақталуын және табиғи ресурстарды пайдаланушы кәсіпорын есебінен қоршауды қамтамасыз ету жөніндегі ұсынысты Ақтау қаласының мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының орынбасары Мәлік Оспанов та қолдады.

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры, «Ecojer» қауымдастығының аймақтық экологиялық кеңесінің тең төрағасы Рашит Мұстапаев дөңгелек үстелге қатысушыларды ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің және Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың атына ұжымдық хат жолданатыны туралы айтып өтті. Хатта осы мәселені шұғыл түрде шешу үшін, табиғат пайдаланушы есебінен ерекше қорғалатын аумақты қоршауға алуды және Үстірт қорығының күшімен тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде талаптың орындалуын бақылауға алу көрсетілмек.

Бірнеше жыл қатарынан уәкілетті органдар өкілдерінің өздеріне жүктелген функционалдық міндеттерін дұрыс атқармауынан және жергілікті атқарушы органның бұл мәселеге салғырт танытуының нәтижесінде, сулы-батпақты алқап осындай аянышты күйге жеткен және бұл өз кезегінде «бедвочинг» (құстарды бақылау) сияқты туризмнің дамуына жол ашпай отыр. Ал жоғарыда аталған аумақтық инспекция және қорық басшылығының қызметтік лауазымдарына сай немесе сай еместігі жөніндегі мәселе алдағы уақытта көтерілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы