Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығы – қанның ең күрделі ауруларымен күресетін науқастарды емдейтін бірегей мекеме. Онкогематология және сүйек кемігі трансплантациясы орталығы мұнда халықаралық стандарттарға сай толыққанды емдеу циклін ұсынады. BAQ.KZ тілшісі баспасөз туры барысында дәл диагноз қоюдан бастап, гемопоэтикалық бағаналы жасушаларды алмастыруға дейінгі барлық кезең бір жерде өтетін мекеме жұмысымен танысты.
Жалғыз орталық, мыңдаған тағдыр
Бір қарағанда бұл медициналық мекеме – ақ халаттылардың күнделікті жұмысы. Ал шын мәнінде – мыңдаған адамның тағдырын өзгерткен үміт мекені.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас гематологы, орталық жетекшісі Вадим Кемайкиннің айтуынша, ересектерге сүйек кемігін трансплантация жасайтын Қазақстандағы жалғыз ұйым осы. Биылғы алғашқы алты айдың өзінде мұнда 1,4 мыңға жуық науқас ем қабылдап, 60 трансплантация жасалған. Тағы 45 пациент қазір отаға дайындық үстінде.
.jpeg)
Соңғы 15 жылда аутологиялық, аллогенді (туыс және туыс емес), гаплоиденттік – барлық трансплантация түрін енгіздік. Осы уақыт ішінде шамамен 800 ота жасалды. Жыл соңына дейін "таза" бөлмелердің санын 21-ге жеткізсек, жылына 180 трансплантация жасауға мүмкіндік туады, – дейді профессор.
Трансплантация – үміт пен ұзақ оңалту
Трансплантация – ұзақ әрі күрделі жол. Науқасты дайындау, бағаналы жасушаларды жинау және сақтау, кондиционирлеу, ота және ұзақ оңалту – әр кезеңде ондаған маман еңбек етеді. Гематологтар, генетиктер, хирургтар, реаниматологтар бірлесіп, тіршіліктің нәзік көпірін тұрғызады.
Аутологиялық трансплантацияда науқастың өз жасушалары қолданылады: алдымен 4–6 миллион жасуша алынып, мұздатылады. Бірнеше айдан кейін олар қайта егіліп, жаңа қан түзу процесі басталады. Ал аллогенді трансплантацияда донор – көбіне толық үйлесімді бауыр немесе әпке-қарындас. Егер ондай табылмаса, Ұлттық регистр көмекке келеді. Бүгінде оның базасында 13 мыңнан астам донор бар.
Донор болу – біреуге өмір сыйлау
Донор бола алатын кез келген дені сау, 18–45 жас аралығындағы, салмағы 50 келіден асатын азамат. Бағаналы жасушаларды аферез әдісімен алу қауіпсіз және ауыртпайды. Ал берілген жасуша – біреудің екінші өміріне берілген мүмкіндік.
Қазақстанда жыл сайын шамамен 2,5 мың жаңа онкогематологиялық диагноз қойылады. Көп жағдайда сүйек кемігін трансплантация – жалғыз үміт.
Шымкент тұрғыны, 41 жастағы Даулет Сабденов бұл жолдан өткен. 2020 жылдың желтоқсанында дертке шалдыққан ол бастапқыда шетелге баруды ойлаған. Алайда Астанадағы орталықта жүргізілген алғашқы химиотерапия ремиссия беріп, тамыз айында туған інінің сүйек кемігі салынған.
(1).jpeg)
Қазір өзімді жақсы сезінемін. Жұмыс істеймін, отбасыммен уақыт өткіземін, – дейді ол.
Ал Ақтаудан келген 25 жастағы Арнат Атабай төрт жылдық ремиссиядан кейін ауруы қайталанғанымен, емнің тегін екенін, жағдайы жақсарып келе жатқанын айтады.
Болашаққа бағыт
Соңғы жылдары орталық жұмысы айтарлықтай ілгеріледі: бұрын жылына 73–80 ғана операция жасалса, қазір бұл көрсеткіш бірнеше есе өскен. Күту мерзімі де қысқарып келеді – туыс донорлық трансплантацияда 3–4 айға дейін.
Еуропа, АҚШ, Жапония стандарттарына сай, 10 млн адамға 450–500 трансплантация жасалады. Қазақстан да жылына 200 отаны орындауға қадам басып келеді, – дейді Вадим Кемайкин.
Бұл – тек медициналық жетістік емес, әрбір қазақстандыққа үміт сыйлайтын үлкен қадам. Өйткені бұл орталықта әр науқастың өмірге қайта келуі – статистика емес, үлкен жеңіс.