Əкім халықпен кездесуге келмеді

Бүгiн, 17:00
153
Бөлісу:
Əкім халықпен кездесуге келмеді

Атырау қаласындағы “Мирас” ықшам ауданының тұрғындары биліктегілердің бос уəдесінен əбден шаршаған. Көктемде не жаңбыр жауғанда су кешетін тұрғындар тағы жиналып, наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

“Мирас” ықшам ауданында шамамен 1 мыңға жуық үй бар. Ондағы тұрғындар сəл жауын-шашын болса, тізеден суға батып, үй айналасында жүре алмай қалады. Вакум көлігін жалдап, өз бетінше амалдағылары келсе де, одан пайда жоқ. Жер асты суының деңгейі жоғары болғандықтан, су қайта шыға келеді. Бұған дейін қараша жауапты мекемелерге бірнеше рет барды. Ондағылар бос уəдемен шығарып салған көрінеді. Құр сөзден шаршадық деген халық енді жылы жауып қоймаймыз деп отыр.

БАҚ өкілдеріне жүгініп мəселемізді айтып жатқанымыз бірінші рет емес. Қала əкімдігінің жұмысы əбден шаршатты.Ертеде біздер мына тұрған Геолог əкімшілігіне қарасты болдық. Ықшам аудандағы канализация, жол, жарық пен су мəселесі сол əкімнің кезінде басталған. Кейін ықшам аудан қалаға қарасты болып өзгерді. Одан проблема шешілген жоқ. Біз қазір қала əкімдігіне барсақ, ол жерде толған полиция əкімді қоршап тұрады. Əкімге бір ауыз сөз айта алмайсың. Бір ауыз хат жаза алмаймыз. Ол жете ма жетпей ма тағы белгісіз. Бұған дейін су басқанда 2 ай иглофильтрмен сорды болды. Одан шамалы су деңгейі түсіп қалып еді, жақында тағы жауын басталады, тағы суға батамыз. Қанша тазаласаң да пайда жоқ. Қаланың əкімі жұмыс жасамайтын болса, облыс əкімі тексерсін, қарасын, сұрасын. Ықшам ауданда мəселе толып тұр. Соны шешсе дейміз,-дейді Мирас ықшам ауданының тұрғыны Мұхтар Мұстафин.

Бұған дейін базынасын айтуға жиналған жұртқа қала əкімі Шəкір Кейкіннің өзі келіп, жұмысты қолға алатынын айтқан. Оған сенбеген халық облыс əкімдігіне де барды. Мекеме алдында сағаттап күткен тұрғындарға облыс əкімі Серік Шəпкенов бір рет те шыққан жоқ. Орынбасарларын жіберді. Содан кейін ықшам аудан тұрғындары əкімге тағы хат жолдаған. 6 қыркүйек күні жиналатындарын айтып, Мирас ықшам ауданындағы мектепке келуін өтінген. Өңір басшысы тағы халықты елемеді.

Бізде шешілмеген мəселе жетіп артылады. Соның ең өзектісі былтырға суға кеткеніміз. Қаншама материалды, моральды шығын келді. Енді биыл істеп береміз деген жұмыс əлі істелген жоқ. Алдымызда 1 айға жетпей жаңбыр басталады. Сол кезде біз былтырғының кебісін киеміз. Қала əкімі Шəкір Кейкіннің сəуірде берген уəдесі орындалған жоқ. Бір келгенде бізді осылай басып бір өтірігін айтып кетеді. Екінші келгенде ол өтірікті басқаөтірікпен жамайды. Солай біз əлі келе жатырмыз. Енді біз суға кетпес үшін дренаж салып берсін. Сонымен қатар кəріз жүйесін жүргізсін. Кəріз жүйесін осы күзде аяқтаймыз деп уəде берген, қайда, əлі жоқ. Арнайы хат жолдадық. Облыс əкімі келіп мұңымызды өз құлағымен тыңдаса дейміз. Себебі проблемамыз əкімнің құлағына жетпейтін сияқты деп ойлаймыз,- дейді тұрғындардың бірі Жаңбырбай Жұмашев.

Биылғы жылдың басында тұрғындар жиналып əкімдікке барғанда, ашулы халыққа облыс əкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев шықты. Халықты ұзақ тыңдаған шенді, мəселе бүгін-ертең шешілмейді деп кесіп айтқан. Дегенмен канализациялық құбыр тартылып жатыр деді.

Бұл тек қазір бір шешіммен қабылданатын зат емес. Біз қазір жан-жақтан мамандар алдырып, бұл мəселемен жұмыстанып жатырмыз. Қазір біз канализациялық система тартып жатырмыз.Елдімекендерді əкеліп, сол канализацияға қосып, бір жүйеге келтіру мақсатымыз,-деді облыс əкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.

Ал осы жолы əкімдіктегілер халыққа қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Нұрболат Бөлековты жіберген.

“Мирас” ықшам ауданы геологпен бірге жасақталып жатыр. Жалпы жобаның аты “Геологтың кəріз желісі”. Бірақ “Мирас” ықшам ауданының жартысы мына влк дейміз, высоковольтная линия соған дейінгі бер жағындағы бөлігі де геологқа кіріп тұр. Қазір жобасы бітті деуге болады. Сараптамаға енгізілді. Ол 45 жұмыс күні ішінде қаралады. Дəл сондай жұмыстар жүріп жатыр. Бұйырса осы қазан айының соңына дейін шығады,-дейді Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Нұрболат Бөлеков. 

Қолайсыз ауа-райы кезінде ықшам аудан ішінде жүріп-тұру əсіресе егде жастағыларға қиын. Оқушылардың мектепке барып-келуі де оңай емес. Су басқан көшелердің асты ойдым-ойдым болып тұрады. Ал ассенизатор көліктерінің саны көңіл көншітпейді. Жұрт шу шығарғанда ғана жауаптылар жергілікті мұнай компанияларымен келісіп, вакум көліктерін сұратады. Əйтпегенде бұқараның мəселесіне бас қатырмайды. Жаңбыр жауа қалса резеңке етігін киіп, шу шығаратын жалғыз “Мирас” ықшам ауданының тұрғындары емес. Жұлдыз, Өркен, Балауса тұрғындары да үнемі шырылдайды. Айта кетсек, Жұлдыз ықшам ауданында тіпті төтенше жағдай жарияланған болатын. Бірақ оның бəрі тек қағаз жүзінде қалды. Жаңбыр жауғанда тіпті қаланың қақ ортасында жүріп-тұру мүмкін болмай қалады. Мұнайлы өңір билігі соны біржақты ете алмай отыр.

Өзгелердің жаңалығы