Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екібастұзда жалдамалы пәтерлерінің бірінен аш-жалаңаш жүрген төрт науқас бала табылды.
Балалар ата-аналарымен бірге антисанитариялық жағдайда тұрып жатқан. Соңғы үш күнде тіпті тамақ та ішпеген. Балалардың үлкені 7 жаста болса, қалғандары бес, төрт және үш жаста. Балалар жүре алмайды және адамдардан қорқады.
Еріктілердің айтуынша, оларға бұл отбасы туралы Екібастұз қаласы әкімдігінің қызметкерлері айтып, көмек сұраған.
Бұған дейін көршілері полицияға қоңырау шалып, пәтерде ұрыс-керіс, жанжал, төбелес болатынын айтып, шағымданған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері барғанда тыныш болған, бірақ пәтерде аш-жаңалаш жүрген балаларды көрген.
Біздің топқа осы отбасы туралы хабарлағанда, біз тез арада азық-түлікке, памперстерге, гигиеналық заттарға қаржы жинап, өзіміздің сол сәтте қолда бар заттарды алып, демеушілер берген нәрселерді алып отбасыға апарып бердік, - деп жазды жергілікті еріктілер тобы Instagram-дағы парақшаларында.
Отбасы адам тұрғысыз жағдайда тұрып жатқан.
Балалар өте нас пәтерде тұрып келген. Барлық жерде нәжіс, шыбын, зәрдің иісі шығып тұр. Балалар жалаңаш, кір болған. Балалар өздігінен жүрмейді. Қыз баланың қарны шартиып кеткен. Кішкене ұлдың бірі тоқтаусыз екі күннен бері құсқан. Екі үлкен баланың аяғы майысып кеткен. Үйде тамақ болмағандықтан, олар үш күн бойы тамақ ішпей аш жүрген, - деді ерікті Людмила Былинина.
Еріктілер полиция қызметкерлерімен бірге жедел жәрдем шақырып, анасы мен балаларды шұғыл ауруханаға жатқызған.
Балалар мүлдем сыртқа шықпаған, адамдарға жоламайды, қорқып қалған. Жабайы адамдар секілді. Анасының айтуынша, олардың денсаулығы жыл сайын нашарлап отырған. Ал шамамен бір жыл бұрын балалар жүрмей қалған, - дейді ерікті.
Еріктілер бұл үйдің үлкен балалары бірде-бір медициналық мекемеге бекітілмегенін және дәрігерлерге көрінбегенін анықтады.
Отбасы Екібастұзға үш жыл бұрын ауылдан көшіп келген, жалдамалы пәтерде тұрады. Пәтер ақысын әкесінің кездейсоқ табысы мен көп балалы отбасының жәрдемақысынан төлеп отырған. Төрт баланың анасы 27 жаста.
Қазір балалар Павлодар облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр.
Балалардың жағдайы орташа, пневмония асқынып кеткен. Бір баладан ковид анықталды. Сондай-ақ балалар рахитпен ауырады. Неліктен ата-аналары оларды емдемегені белгісіз. Кеше біз балаларға арналған заттар, ойыншықтар жинап, ауруханаға жеткізіп бердік. Біз балалар мүгедек болып қалмай, әлі де сауығып кетеді деп үміттенеміз, - деді Былинина.
Оның айтуынша, қазір ата-ананың құқығын шектеуге құжаттар дайындалып жатыр.
Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Қаңтарбаев жағдайға түсініктеме берді.
Біз өзіміз бұл жағдайды естіп, таңғалдық. Олар еш жерде тіркелмеген. Бұл отбасы мұндай жағдайға қалай тап болғандығы анықталып жатыр. Отбасына барлық көмек көрсетіледі, - деді ол.
Қала басшысы қабылданған шаралар туралы толығырақ ақпаратты кейінірек хабарлауға уәде берді.