Бұл туралы Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр журналистер Екібастұзда болған коммуналдық апатқа қатысты ақпарат тарату кезінде мәселені әсірелеп жіберді деді. Қаладағы барлық үйдің бірдей жылусыз қалмағанын алға тартты. Сіз бұл жағдайға қатысты қандай пікір білдіресіз?» деп сұрады тілші министрден.
Менің өзімнен жоғары тұрған басшылықты – бірінші вице-министрді, оның қызметін бағалауға құзыретім жоқ, - деп түсіндірді ведомство басшысы Сенаттың жалпы отырысынан кейін кулуарда тілшілерге берген сұхбатында.
Айтуынша, кез келген төтенше жағдайды жылдам қою – өзі басқаратын ведомствоның тікелей міндеті.
Өз министрлігімнің атынан айтар болсам, кез келген төтенше жағдай, мейлі ол ел аумағында орын алған кішігірім жағдай болсын, оны сіздер жариялауға құқылысыздар. Ал біздің министрлік сол төтенше жағдайда әрекет етуге міндетті. Мемлекет басшысының сынына ұшырауы, жұмыстың толық атқарылмауы дегенмен келісемін. Алдағы уақытта өзара жұмыс істеп, төтенше жағдайды жоюды мұндай ұзақ мерзімге созбау мәселелерін қарастыруымыз керек, - деді Юрий Ильин.
Еске сала кетейік, бұған дейін Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Роман Склярдың Екібастұзда соншалықты үлкен апат болмады дегеніне жауап берген болатын.