Екібастұзда төтенше жағдай режимі жарияланды

15 Мамыр 2024, 17:12
459
Бөлісу:
Екібастұзда төтенше жағдай режимі жарияланды
Фото: pixabay.com

Екібастұз қаласында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қала әкімінің орынбасары Ержан Салхановтың хабарлауынша, Екібастұз қаласының 50 жылдығы көшесінің бойындағы магистральді кәріз коллекторы ұзақ жыл бойы үздіксіз пайдаланылуына байланысты лайланған.

Салдарынан тозған құбырдың өткізу қабілеттілігі төмендеп, желіде жарықтар пайда болды. Сонымен қатар, құбырдың кей бөлігінің опырылуы мен апаттар жиілеп кетті. Өткен жылдың шілдесінен бері осы коллектордың беткі қабатында топырақтың төрт рет опырылуы тіркелді. Қазіргі уақытта апатты аумақ көлемі ұлғаюда.  Қалыптасқан жағдайға байланысты Екібастұз қаласындағы магистральді кәріз коллекторында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Режим жөндеу жұмыстарын жүргізу мен қаражат бөлуге мүмкіндік береді, - дейді Ержан Салханов. 

Коллектордың жұмысын қалыпқа келтіру мақсатында жауапты «Горводоканал» кәсіпорны «Кәріз коллекторын санация тәсілімен қайта жаңарту» жобасын әзірледі.

Қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жоба құны 5 229,5 млн теңгені құрап отыр. Желінің ұзындығы екі шақырымнан асады, ал диаметрі - 1 200 мм.

Санация әдісі жұмыстарды траншеясыз тәсілмен жүргізуді көздейді. Жаңарту жұмыстарының бұл түрі қала тұрғындарына келтірілетін қолайсыздықтарды барынша азайтып, коллектордың үздіксіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді, - деп хабарлайды баспасөз қызметінің өкілдері. 

Еске сала кетсек, Екібастұз қаласындағы коммуналдық желілердің 90%-дан астамы әбден тозған.

Өзгелердің жаңалығы