Екібастұз қаласының тұрғыны ірі коммуналдық апаттан соң жылу тарату кәсіпорнын сотқа беріп, жеңіске жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Еске сала кетсек, өткен жылы кеншілер қаласында коммуналдық апат болып, ондаған көпқабатты үй тұрғындары жылусыз қалды. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Қазіргі уақытта өткен жылу маусымындағы жағдай қайталанбас үшін ауқымды жөндеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Екібастұздықтың айтуынша, ол жылусыз қалған соң, үйіндегі батареялар жарылып қалған. Зардап шеккен тұрғын жауапты мекеме өкілдеріне шығынды өтеу туралы хат жолдаған. Алайда мардымды жауап болмаған соң, соттың көмегіне жүгінген.
«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-не жолданған шағым бойынша азаматтық іс Екібастұз қалалық соты қарастырды. Сот тұрғынның талаптарын ішінара қанағаттандырды. Ол 365 мың 740 теңге көлеміндегі қаражатты өндіріп алды. Ал келтірілген моральдық зиян көлемін 100 мың теңгеге дейін азайтты, - дейді Павлодар облыстық сотының баспасөз хатшысы Агидель Ибраева.
Қыста болған апат салдарынан қала тұрғыны өз үйінде жөндеу жүргізіп, жылу жүйелерін ретке келтірген. Сот отырысы барысында түбіртектердің түпнұсқалары мен құжаттарды көрсетіп, жөндеу жүргізгенін дәлелдеді. Сонымен қатар апат кезінде зардап шегіп, отбасының сырқаттанып қалғанын жеткізді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.